Бас жаңалықтар
Пульмонология орталығының құрылысы аяқталып қалды - Даниал Ахметов
23 Қыркүйек 2020, 00:25 149

Пульмонология орталығының құрылысы аяқталып қалды - Даниал Ахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскеменде қазан айының соңына дейін іске қосылуы тиіс Пульмонология орталығының құрылысы аяқталып қалды. Сонымен, өңір коронавирустың ықтимал жаңа толқынына толық дайын болмақ. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Құрметті жерлестер! Өскемендегі Пульмонология орталығының құрылысы мәресіне жетуге шақ қалды. Құрылысшылардың жоғары жауапкершілігі қуантады. Барлығы қазан айының соңына дейін нысан іске қосылуы тиіс екенін жақсы түсінеді. Оның үстіне орталықты жабдықтау үшін біз ең заманауи және қажетті жабдықтарды сатып алдық. Коронавирустың ықтимал жаңа толқынына бізде 5 300 инфекциялық және провизорлық төсек-орын, 5 ПТР зертхана дайындалды. Зертхананың әрқайсысы күніне мың талдау жасауға қауқарлы. Қосымша 3 компьютерлік томограф сатып алынды. Пандемиядан кейін пульмонология орталығы тек емдеу емес, сонымен қатар, тыныс алу аурулары бар науқастар үшін ең озық медициналық технологиялар қолданылатын ғылыми мекеме болады, - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, биыл Өскеменде 55 аула жөндеуден өткен. Арнайы жабыны бар балалар мен спорт алаңдары орнатылып, тұрақ орындары жасалған.
Ал 19 шағын ауданда жаңа аллея тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Жақын арада мұнда біздің жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсеновке ескерткіш орнатылып, жоба толық аяқталады. Бұл шағын аудандағы негізгі құрылыс нысаны, әрине, гематология орталығы. Қан ауруларын диагностикалау мен емдеуден басқа, орталық қан ауруларының алдын алу және гематологиялық науқастарды оңалтумен айналысады, - деді өңір әкімі.
Сондай-ақ, ол Өскемендегі «Zerek» креативті білім беру орталығындағы заманауи жабдықтар балаларға IT технология тілін терең меңгеруге және бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді деген сенімде.
Мұнда креативті көзқарасы бар жас оқытушылар жұмыс істейді. Ахмер ауылындағы жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін шешті. Ескі білім шаңырағында балалар 3 ауысымда оқыған еді. Мұнда кең кабинеттер, акт залы, асхана, спортзал бар. Жалпы, Өскеменде МЖӘ бағдарламасы жобаларының сәтті жұмыс істеп жатқаны қуантады. Жақын арада екі жаңа балабақша балаларға өз есігін айқара ашады, - деп түйіндеді сөзін Даниал Ахметов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...