Бас жаңалықтар
Пулитцер сыйлығына "аудиорепортаж" номинациясы қосылды
10 Желтоқсан 2019, 21:38 569

Пулитцер сыйлығына "аудиорепортаж" номинациясы қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдан бастап берілетін жаңа сыйлық "қоғам мүддесіне қызмет етіп, белгілі бір мәселені зерттеуге және түсіндіруге бағытталған аудиожурналистиканың көрнекті үлгісі үшін" беріледі.

Соңғы жылдарда аудиожурналистиканың қайта жанданып, қарқынды дамуы БАҚ-та көптеген керемет материалдардың пайда болуына алып келді. Осыны ескере отырып, жұмыстардың арасынан ең үздігін таңдап алу үшін Пулитцер сыйлығының кеңесі жаңа номинация қосып отыр, - дейді Пулитцер сыйлығының әкімшісі Дана Кеннеди. 

pulitzer.org сайтының жазуына қарағанда, сыйлық радиобағдарлама мен подкаст жасаушыларға беріледі. Оған журналистік зерттеулерден бастап, маңызды мәселелер мен оқиғалар жарық көрген жаңалықтар қатыса алады. Байқауға қатысатын жұмыстар журналистиканың ең басты қағидаларына сәйкес болуы тиіс. Маңыздысы, материалдар 2019 жылы жариялануы керек. 

Айта кетейік, сыйлықтың журналистика саласында "Қоғамға қызметі үшін", "Үздік зерттеу жұмысы үшін", "Шеберлік үшін", "Халықаралық репортаж үшін", "Жаңалықтағы үздік фото үшін", "Үздік карикатура үшін" сияқты номинациялары бар. 

Пулитцер сыйлығын венгриялық-америкалық журналист әрі газет шығарушы Джозеф Пулитцер тағайындаған болатын. Ол 1911 жылы қайтыс болғаннан кейін мұрасын Колумбия университетіне қалдырған еді. Оның ақшасының бір бөлігі 1912 жылы журналистика мектебін құруға және 1917 жылы алғаш рет табысталған Пулитцер сыйлығын тағайындау үшін қолданылды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...