Психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылыққа көп әйел шыдайды – аға инспектор

28 Қазан 2020, 17:30
2764
Бөлісу:
Психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылыққа көп әйел шыдайды – аға инспектор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова зорлық-зомбылықпен күрес және оның түрлері туралы айтып берді.

Мен мектеп бітірген жылдары Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіздігін алып, жоспарлыдан нарықтық экономикаға ауысқан кезең еді. Осы кезеңде жас экономикаға үлес қосу мақсатында «Экономика және басқару» факультетінде 5 жыл білім алдым. Жұмыс өтілімді оқытушылықтан бастадым. Бәрібір жүрек қалауы болады екен, заңгерлік мамандықты сырттай оқыдым. Кейін ішкі істер органына жұмысқа тұрдым. Осы салада 12 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келемін, - деді ол.
Шрахметова айтып өткендей, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әйелге қатысты жасалатыны мәлім.
Біздің қызмет - әйелге жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу немесе ондай жағдай орындалған кезде психологиялық құқықтық көмек көрсету. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттандырамыз. Себебі, елорданың көп қыз-келіншегі полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы бар екенін біле бермейді. Біздің сенім телефонымыз: 71-60-63. Бұл желіге аноним түрде және ашық түрде де хабарласуға болады. Сенім телефонына жыл басынан бері 320-дан астам қоңырау түсті. Оның барлығына біз көмек көрсеттік, - деді Шрахметова.

Оның айтуынша, кез келген әйел адамның мәселесі мен арызы бойынша толыққанды жұмыс атқарылады.

Отбасында түсіністікке ие болмай, қазір ер азаматтардың ұсақталуы мен шама-шарқысы әйеліне ғана жетуі, бүкіл өшін әйелінен алатын жағдайда ер-азаматтарға көңіл толмайтын кездер болады. Неге біз ер-азаматтардың ондай болуына душар болдық? Тәрбиеде осалдық танықттық па? деген сұрақтар болады, - деді ол.

Аға инспектор карантин кезінде қалай жұмыс істегенін айтып берді.

Карантин кезінде бәрі бір-бірінен оқшауланғанын ескеру керек. Отбасы мүшелері аядай бөлмеден шыға алмай қалды. Оның үлкені мен кішісі бар. Қашықтан оқитын кездер болды. Оларға да бұл стресс болды. Онлайн оқуға енді бейімделіп жатты. Осындай жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді. Себебі, жолдастары әйелінен «бұл неге мазасыз?» деп кінәлады, - дейді ол.

Маманның айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде адамдарға болашақтағы белгісіздік әсер еткен.

Сондай-ақ, отбасы үйде отырып, көп сала бойынша жұмыс тоқтады. Қаражаттың жетіспеуі сынды жағдайлар әсер етті. Кейін төтенше жағдай алынып, карантин босаңдатылды. Осы кезде шарықтау шегі болды, - деді ол.

Шрахметова атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық 4-ке бөлінеді.

Психологиялық, экономикалық, жыныстық және физикалық зорлық-зомбылық деп бөлінеді. Психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылыққа көп әйел шыдайды. Ал физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа әйелдер шыдамайды. Себебі жыныстық көп жағдайда латентті болып келеді. Ал физикалық ол көзге көрініп тұрады. Мұндай жағдайларда әйелдерге шыдаңдар деп айтпаймын, - деді ол.

Гүлмира Шрахметова атап өткендей, қазір адам құқығы басты рөл ойнайды.

Конституциямыздың бірінші бабына сәйкес, ҚР ең басты құндылығы - адам және оның құқығы мен бостандығы. Кез келген адам өзінің құқық иесі екенін ескеру керек. Сізге қатысты біреу құқықбұзушылық жасаса, міндетті түрде 102 номеріне хабарласып, айтыңыз, - дейді ол.

Маман атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өскен балалар сол модельді қайталауы мүмкін.

Отбасында бала мейірім мен махаббатқа бөленсе, болашақта зұлымдықты қайталамайды. Ал отбасылық зорлық-зомбылықты көрген бала өскен соң өзінің көргенін жүзеге асыруы мүмкін. Мұны ғалымдар өз зерттеулерінде де дәлелдеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы