Психолог сүрбойдақтар мен кәрі қыздарға не істеу керегін айтты
EX
25 Қараша 2021, 12:19 378

Психолог сүрбойдақтар мен кәрі қыздарға не істеу керегін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Егде жасқа келіп, үйленбей немесе тұрмысқа шықпай жүрген жандар қатары көбейіп барады. Сүрбойдақ пен кәрі қыз атанбау үшін нені білу керек? 

Ондай азаматтарымызға жақындарының байланысы қалай болуы тиіс? Отбасы құрар алдында қандай қағидаттарды ескеру қажет? Бұл мәселелер туралы психолог маман Арайлым Тоқсанбаева кеңес берді. 

- Арайлым, бағзы кезде «он үште отау иесі» деген, ал қазір заман өзгерді. Қай жаста үйленген дұрыс? 

- Меніңше, адам жасының үйленуге қатысы жоқ. Ол әр адамның өз бойындағы ересектік қасиетті дамытуына байланысты. Егер отбасы құрып, ондағы міндетті білетін болсаңыз, қай жаста да үйленуге болады. Әрине, ең алдымен шаңырақ құрмас бұрын ойлануыңыз қажет. Ертеңгі күні ол адамға мен не бере аламын және мен одан нені қалаймын деген сұрақты ой елегінен өткізген жөн. 

-Отбасын құрмай жүрген жақындарымызға мансап қуып жүр, ақша құмар деп айып тағамыз. Отбасы құрмауына басқа да факторлар себеп болуы мүмкін бе? 

- Қазіргі таңда ақпарат көп. Ойын-сауық кештері әр жерде бар. Жастарды еліктіретін, ойларын бөлетін дүниелер аз емес. Мәселен, әлеуметтік желілерде пайдалы-пайдасыз ақпараттар жеткілікті. Сол себепті ақпараттың көптігі де өз әсерін беріп жатыр деп ойлаймын. Оның басқа да негізгі факторлары бар. Мәселен, ата-анасы балаларына материалдық жағдайының жетіспеушілігін көрсетіп тәрбиелейтін отбасылар болады. Сол себепті көпшілік бойдақтарға материалдық жағдайым жақсармай үйленбеймін деген пікір қалыптасқан. Бірақ ол үшін де мотивация керек емес пе? Біз балаларға көбіне соңғы көрсеткіш қандай болу керектігін үйретеміз, алайда оған жету жолындағы процестерді, мұндағы іс-әрекеттерді үйретпейміз. Яғни, баса назар аударылмай қалады.

- Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, жігіттер қауымының қыздардың талғамы жоғары болып кеткен дегендей ренішін аңғардым... 

- Мұның себебі біздің қыз балаға қанағаттанудың жолын үйретпеуімізде жатыр. Кейде артығынан тәрбие беріп жібереміз. «Гиперопека» деген ұғым бар психологияда, ол шектен тыс көңіл бөлуден қалыптасқан мінез-құлық. Сондай-ақ қазіргі жастар ата-анасының шынайы қажеттіліктеріне талғам жасамай, керісінше, менде болса екен деген секілді қанағаттанбаушылықтан туындайтын дүние. Осыған қарап екі жақта талғамына сай бола білу керек деп ойлаймын.

-Бірталай жасқа келіп үйленбей жүрген азаматтарға жақындары мен туыстары қалай қарым-қатынас жасауы керек? 

- Орта жасқа келген ерлер мен әйелдерге жақындары үйлен немесе тұрмысқа шық деп айтудың қажеті жоқ. Керісінше, бұл сөз олардың отбасын құруға деген ашуын келтіріп, оған қарсы әрекет жасауын өршітіп аламыз. Сондықтан жастарға жанұямыздың жақсы тұстарын көрсетуіміз қажет. Бұл жерде жауапкершілік – үйленген ересек адамдарда. Тағы бір себеп, қазір тұрмысқа жаңа шыққан қыз балалар өз ауыртпалықтарын дос қыздарына айтып салады. Оның ішінде айту керек және айтпау қажетте мәселелер бар. Бұл айтылған дүниелерді естіген азаматтарымыз отбасы деген тек ауыртпалықтан тұрады деп түсінеді.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...