Бас жаңалықтар
Прокурор Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартуды сұрады
05 Мамыр 2021, 19:45 516

Прокурор Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартуды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісіне қатысты онлайн форматта тергеу соты өтті. Сотта прокурор Төлеген Жараспаев Біртановтың үйқамағын 14 маусымға дейін ұзартуды сұрады.

Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен «Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерінің ақпараттандыру және өзара әрекеттесу платформасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін 17,8 млн долларға жеткізу туралы келісімшарт жасасқан.

21 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының тергеу ауданаралық сотының судьясы Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімін 2021 жылғы 14 мамырға дейін ұзартуға санкция берді. Осы қаулымен сот Біртановқа тұрғын үйден таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 7-ге дейін шығуға рұқсат беру туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырды. Тергеу сотының 2020 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен белгіленген шектеулердің қалған бөлігінде өзгеріссіз қалды, - деді ол.
Прокурордың сөзінше, Тергеу барысында анықталғандай, бұлтартпау шарасы өзгергеннен кейін Елжан Біртанов 2020 жылғы 24 қарашада Швецияның Қазақстандағы елшісінің атына және «Ericsson», «Ericsson Nikola Tesla» компанияларына хат жолдаған.
Хатта оны қылмыстық жауапкершілікке тартудың мән-жайлары туралы ақпарат және құжаттардың көшірмелерін алу туралы өтініш бар. 2020 жылдың 29 қыркүйегінде Елжан Біртанов сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат берді. Осылайша күдікті Біртанов бұл қылмыстық істі шет мемлекеттің тұлғаларына жария етіп, сотқа дейінгі тергеуге кедергі келтірді, - деп түсіндірді прокурор Төлеген Жараспаев.
Прокурордың айтуынша, 2021 жылғы 24 және 25 сәуірде Біртанов сот қаулысында тыйым салынған отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдармен кездесті.
Осылайша, тергеу үйқамаққа алу бұлтартпау шарасын орындау барысында Елжан Біртанов сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында құжатталған отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдармен және адвокаттармен қарым-қатынас жасауға тыйым салу, хат-хабар жіберуге тыйым салу бойынша сот белгілеген шектеулерді бірнеше рет бұзғанын анықтады. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын санкция бойынша ауыр қылмыс жасады деп күдіктелуде, - деді прокурор сотта.
Сөз соңында прокурор Төлеген Жараспаев Біртановтың үйқамақ мерзімін тағы бір айға ұзартуды сұрады, яғни 14 мамырдан 14 маусымына дейін.

Еске сала кетейік, бұған дейін судья Елжан Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары 2021 жылдың 14 мамырына дейін ұзартылғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін сыртқа шығуға рұқсат етілді.

2020 жылдың 3 қарашасында Қаржы мониторингі комитеті Біртановтың қамауға алынғандығы туралы хабарлаған болатын. Экс-министрге бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде ысырап етті деген күдік келтірілген еді.

Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен 2020 жылы 25 маусымда босатылды. Ол өзі пневмонияның асқынуына және емдеу қажеттілігіне байланысты жұмыстан кету туралы өтініш жазған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...