Профессор Мұфтах Диаров дүниеден озды

18 Наурыз 2021, 09:10
1818
Бөлісу:
Профессор Мұфтах Диаров  дүниеден озды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ғылымы ауыр қайғыға душар болды,  деп жазды Facebook-тегі парақшасында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. 

Ғалым жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ҰҒА академигі Мұфтах  Диаров 88 жасқа қараған шағында дүние салды. Мұфтах Диарұлы бар өмірін отандық геология мен өңірдің экологиялық проблемаларына арнаған мықты маман болатын. 

Еңбек жолын қатардағы геолог болып бастап бертінде Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтында директор, Қазақстан ҰҒА  Батыс бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары, «Атырау–Ғылым» АҚ-ның вице-президенті болып еңбек етті. 

Марқұм Каспий ойпатындағы бор және борлы калий тұздары кендерін іздеу мен барлауға қатысты іргелі зерттеулер жасады. Мұфтах Диаров Индер сондай-ақ Сәтимола борат кенін ашушылардың бірі. Тек өңірдің ғана емес, еліміздің геологиясы мен экологиясына зор еңбек сіңірді. 

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын! Мұфтах Диаровтың жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады, - деп жазды Досмұхамбетов.

Өзгелердің жаңалығы