Бас жаңалықтар
Профессор елімізде өндірілген еттің артықшылықтарын атады
23 Сәуiр 2021, 12:57 181

Профессор елімізде өндірілген еттің артықшылықтарын атады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Қазақ ұлттық агрларлық зерттеу университетінің ректоры Тлектес Есполов ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту жайлы айтты.

Оның айтуынша, әлемде қазір шамамен 1,2 млрд қой басы бар. Әлемдік нарықта қой шаруашылығын дамыту бойынша өз орнын тапқан мемлекеттер аз емес. Қазақстанынң да ауыл шаруашылық өнімін өндіруде көшбасшы болуға мүмкіндігі зор көрінеді.

Мысалы, Қытай негізінен қой етін өндіреді және бүкіл әлемдік қордың 30 пайызы солардың үлесінде. Австралия жоғары сапалы жүн өндіруге маманданған және жыл сайын оның бүкіл әлемдік өндірісінің үштен бір бөлігін береді. Ұлыбритания қозы етін әлемдік экспорты бойынша көшбасшылардың үштігіне кіреді. Израил қой ірімшігі мен сүтін экспорттауда жетекші ел. Жер шарында аумағы жағынан тоғызыншы орында және жайылым жері бойынша бесінші орынды иеленіп отырған Қазақстан қой, қозы, жүн, сүт пен ірімшік өндірісі бойынша жетекші елге айналуға толық мүмкіндігі бар. Себебі жайылымдық жерде жайылған қой еті экологиялық тұрғыда таза органикалық болып саналады. Сондықтан әлемде мұндай ет Қазақстан брендіне айналуы тиіс,-дейді ректор.

Сонымен қатар ол елімізде аулы шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмай келеді деп атап өткен еді. Мемлекет басшысының агроөндірістік кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау мақсатында Ауыл шаруашылық министрлігі Сапархан Омаровтың тікелей басшылығымен 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленуде. Оның мақсаты – ішкі нарықтың әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын көбейту. Еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Агроөнеркәсіп кешені өнімі экспортын екі есеге арттыру көзделген,-деді ол.

Т. Есполов сөз арасында бүгінде 2021-2025 жылдар аралығында аграрлық салаға 380 инновациялық жоба енгізу жоспарланғанын жеткізді. Оның 65 пайызы импортты алмастыруға бағытталған екен.

Осы жобалардың басымды бағыттарының бірі – қой шаруашылығы. Бұл сала ауыл шаруашылығының басты саласының бірі және әлемде үшінші орын алады,-деді ол.

Сонымен қатар ол бүгінгі конференцияның мақсаты – 21 ғасырдағы жаһандық бәсекеге жағдайында шешуші ұлттық фактор еңбек екенін ерекше атап өту екенін айтты.

Соның ішінде қой шаруашылығын инновациялық негізде дамыту және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы арқылы жастарды дүниетанымын қалыптастыру. Жазылбек Қуанышбаев қой басын өсіру, асылдандыру, өнімділігін арттыру бағытында көп жаңалық енгізді. Өзіндік әдіс, тәжірибе қалыптастырған ардагер шопан,-деді ол.

Айта кетсе, аталған конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің басшылары, облыстардың, қалалардың, аудандардың әкімдері, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, республикалық қой шаруашылығы палаталарының, салалық қауымдастықтардың, ірі агроқұрылымдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары қатысып жатыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...