Профессор: Бәсі биік – бірлік, өмірдің өзегі – тірлік

9 Сәуір 2020, 17:51
2042
Бөлісу:
Профессор: Бәсі биік – бірлік, өмірдің өзегі – тірлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 сәуірде жасаған үндеуіне қатысты пікірімен бөлісті.

Арғы-бергі тарихта жаһандық маңызы бар әр алуан оқиғалар мен қилы құбылыстардың көп болғаны белгілі. Алапат аштық та, қуғын-сүргін де, сұрапыл соғыс та орын алғаны анық. Алайда, жер-жаҺанды жайлап, зардап-зияны шаш-етектен болған – коронавирус инфекциясының бағыт-бағдары да, екпін-серпіні де өзгеше-ақ. Адамзаттың ақыл-парасаты да, білім-ғылым өлшемі де, ерен еңбегі мен күш-жігері де, берік ұстанымы да бет-бағыты жаман індетті тоқтату мен біржола жоюға жұмылдырып отырғанын аңғаруға әбден болады. Алуан болжамдар айтылып, түрлі тәжірибелер де жасалды. Көріпкелдер болжамы мен сала мамандарының да көзқарас жүйелері, бірқатар ұстанымдары да ортаға салынды. Медицина мамандарының жанкешті еңбектері, жауапкершіліктері мен табандылықтары да кең көлемде көрінді, - дейді ол.

Осы орайда, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты мақаласына тоқталған ("Егемен Қазақстан", 2020, 8 сәуір) профессор онда елдік мұрат-мүдде көзделгенін, жанашырлық пен жауапкершілік жүгі жан-жақты сезілгенін айтады.

Болашақты байыпты барлап, ел тарихына еркін еніп, ұлттық ұстанымға мықтап табан тірегені де кең көлемде көрініс береді. Айқын мақсат, берік бағыт, өршіл рух та бар. Елбасы, алдымен тәуелсіздік мәні мен ел-жердің тарихына, қасиеті мен құдіретіне қатысты ойлары мен толғамдарын алға тартады. Қиын кезең, сындарлы сәттегі елдік мүдде мен ұлттық ұстанымның айқын да берік болғанын тілге тиек етеді. Бәсі биік - бірлік, өмірдің өзегі – тірлік екенін де қайыра еске салады. Байыпты әрекет, берік ұстаным, салмақты сабыр – ерен еңбектің көрсеткіші болатынына үміт артады. "Еңбек – бәрін жеңбек" деген халықтық қағидатқа табан тірейді. Әсіресе, осы кезеңде қазақстандықтардың бірігуі мен бірлесуі, яғни, қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық пен туыстықтың айрықша мәні болғанына жіті ден қояды. Елде жүргізілген әр алуан бағыттағы реформалар мәні – халық өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне, дәстүр тағылымы мен жарқын болашағына бағытталғанына басымдық беріледі. Сондай-ақ, мұнай-газ байлығы, материалдық-техникалық ресурстар, қаржы-қаражат, азық-түлік қоры, автокөлік, теміржол т.с.с. дұрыс бағыт алуына да көп көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, әлемдік экономикалық дағдарыс, жер-жаҺандағы қырғи-қабақ соғыс, тұрақсыздық пен жұмыссыздық салдары да мысал, деректер негізінде назарға алынады, - дейді ол.

Рақымжан Тұрысбек сонымен қатар, адам мен оның өмірі қашанда басты орында тұратыны, оған деген құрметтің еш төмендемейтінін де айтып өтті.

Бұдан басқа, Ата Заңда айқындалғанындай, адам мен оның өмірі басты орында тұратыны, оған құрмет пен сүйіспеншіліктің төмендемейтіні де қоғамдық құбылыстар аясында, арғы-бергі тарих тағылымы, өмір өрімі мен уақыт өрнегі төңірегінде мың сан мысал-деректер негізінде өріс алады. Бұл ретте, әсіресе Төле би, Әйтеке би, Б.Момышұлы, М. Ганди т.б. қанатты сөз, қағидалы ойлары өмір өрімімен өрнектеліп, тәлімді тәжірибелеріне негізделіп, ұлт пен ұрпаққа қатысты еске алынады. Елдік мүдде, дәстүр мәні, өмір мен тарих тағылымы да тиісінше сөз етіледі. Ал, жас ұрпақ пен кәсіпкерлерге қатысты айтылған сөздерден - ел-жерге құрмет, дәстүр мен тарихқа адал болумен бірге, өмір тағылымынан сабақ алып, қиын да сындарлы сәттерде халықпен бірге болып, қол ұшын беріп, демеу жасаудың адамдық борыш пен жауапкершілік екенін, әрі кәделі де сауапты істер қатарына жататынын барынша айқын, бедерлі де мәнді, жүйелі жеткізеді, - дейді ол.

Профессор қазіргі кезең – бірлік пен бірігуге, бүгінгі уақыт – дәстүр мен тарих тағылымына ден қойып, берік байланыс орнатып, ерен еңбек ететін жауапты кезең, сындарлы сәттердің бірі екенін айтады.

Асылы, елден үлкен ешкім жоқ десек, ұлтқа қызмет ету - абыройлы іс, жауапкершілік жүгі де мол екені анық. Арыдағы арналарға ден қойсақ: "Өткен күн, кеше – тарих, келер күн, ертең – сыр, бүгінгі күн – сый!" (Қорқыт), "Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу" (әл-Фараби), "Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих", "Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек" (А.Байтұрсынұлы). Ендеше, қазіргі кезең – бірлік пен бірігуге, бүгінгі уақыт – дәстүр мен тарих тағылымына ден қойып, берік байланыс орнатып, ерен еңбек ететін жауапты кезең, сындарлы сәттердің бірі. Көп болып бірігетін, жұмыла еңбек ететін, ауызбіршілік пен жауапкершілік танытатын тұс та осы. Төрткүл дүниені дүрліктіріп, дүлей індетке айналған – короновирус инфекциясынан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, симптомдарынан аман болсақ, бұл қатерден де халықтық қалпымыз бен дәстүр тағылымын, бүтін болмысымызды терең танытып, сабақтастық мәніне жіті ден қойсақ, әлі-ақ жарқырап-жайнап, қатарымыз көбейіп - толығып, болашаққа батыл қадамдар жасарымыз хақ. Бәсі биік - бірлік, өмірдің өзегі – тірлік екені анық. Қазіргі кезеңнің басты ұраны мен ұстанымы, шынайы шындығы да осыған келіп саяды, - деп сөзін түйіндеді Рақымжан Тұрысбек.
Өзгелердің жаңалығы