Профессионалдар. Жолшы

30 Қараша 2021, 12:45
2065
Бөлісу:
Профессионалдар. Жолшы
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Профессионалдар жобасының кезекті қонағы - Жол активтері Ұлттық сапа орталығы Жамбыл облыстық филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов.

- Мырзахмет Қыраубекұлы, ең алдымен «жолшы» мамандығы туралы айтып берсеңіз. Бұл мамандықтың өзіне тән қандай ерекшеліктері бар?

- Жолшы дегеніміз – қыс пен жазға, ыстық пен суыққа қарамайтын мамандық иелері. Біздің облыста үш асу бар – Қордай, Шақпақ және Күйік. Қысты күні боранда жолшылар ел шырт ұйқыда жатқанда сол үш асуды тазалау мен жол сапасын тексеруге шығады. Жолда кезекшілікті өткіземіз. Қандай боран болса да жолаушылардың қолайлығы үшін қызмет етеміз. Жол апаты болса да, боран болса да жолшылар міндетті түрде жүреді. Сосын күннің ыстықтығына қарамай, +120 градуста салынып жатқан ыстық асфальт сапасын тексереміз.

Профессионалдар. Жолшы

- «Жолшы» мамандығына қалай келдіңіз? Балалық арман ба, әлде ата-ананың қалауы болды ма?

- Мен 1962 жылы Жамбыл облысында туып, 1979 жылы орта мектепті бітірдім. 17-18 жасымда Алматыда ашылған Өскемен құрылыс институтының филалына құжаттарымды тапсырдым. Жалпы техникалық факультеттің автомобиль жолдары мамандығына тапсырып, сол жылы емтиханнан өте алмай қалдым. 1980 жылы қайта тапсырып, екінші барғанымда оқуға түстім.

- Еңбек жолыңызды Кеңес үкіметі кезінде бастап, бүгінге дейін осы салада жұмыс істеп келеді екенсіз. Тәуелсіздік алғанымызға да 30 жыл толды. Жол саласында қандай өзгерістер болды?

- Жол саласындағы еңбек өтілім - 35 жыл. Бұрынғы кезде ДЭУ деген мекеме болатын. Ол республикалық жолдарды, орташа жөндеуді қарайтын. Одан бөлек аудандық жол бөлімі мекемесі болатын. Сол бөлімде мастерден бастап прорабқа дейін жұмыс істедім. Ол кезде бүгінгідей дамыған заман жоқ болатын. Ол кездері бетонка деген жол болатын, асфальтты грейдермен жабатын едік, казір ондай жоқ, жоғары тенологиялардың дамыған заманы. Бүгінгі таңда төрт жолақты, ені 9 метрлік жолдар салынып жатыр. Сапаға да өте жоғары мән беріледі. Ол кезде Жамбыл зертханасы жоқ еді. Қазірде мердігерлердің өздерінің жеке-меншік зертханасы бар, одан бөлек техникалық қадағалау, автоқадағалау мекемелері бар, біздің Жол сапа активтері және тапсырыс беруші мекемесі бар. Бас-аяғы 4-5 қадағалау сатысы бар.

Профессионалдар. Жолшы

- Қай саланы болмасын дамыту барысында шетелмен тәжірибе алмасу міндетті түрде жүреді. Осы ретте Қазақстан өзге елдермен қандай озық тәжірибесімен бөлісе алады?

- Астанадағы әріптестеріміз Санкт-Петербурге барып, тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ Қытайдың жаңа технологиялары да енгізіліп жатыр. Өздері турап, асфальт жабын салатын реасфальттау деген жаңа технология қолданылып жатыр.

Жылдан-жылға экономикамыз дамып, сапаға қатысты талаптар да күшейіп келе жатыр. Сапалы жол мамандарын дайындау бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Қазір біз осы мамандық бойынша үш студентті оқытып жатырмыз. 78 мектепті аралап, кәсіби бағдарлау бағыты бойынша кездесулер өткіздік, Жұмыспен қамту орталығымен де тығыз жұмыс істеп келеміз. Мамандар дайындауымыз керек, өйткені жастар өсіп жатыр. Болашақта өз білгенімізді жастарға үйретіп, көрсету - біздің парыз.

- Сұхбатыңызға рахмет. 

P.S. Жол. Өмірлік жол. Мақсатқа, арманға жеткізер жол. Ауылға, туған жерге апарар жол. Қай жолмен жүрсек те жолымыз ашық, түзу болғай дейді кейіпкеріміз. 

Өзгелердің жаңалығы