Профессионалдар. Ұшқыш

10 Шілде 2019, 10:43
9937
Бөлісу:
Профессионалдар. Ұшқыш
PHOTO
Фото: автордан

Талдықорған, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен бір топ журналист Талдықорған қаласындағы №21751 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты. Ең алдымен авиациялық базада көптеген елде әскер элитасы саналатын ұшқыштармен жүздестік.

Талдықорғанға Нұр-Сұлтан қаласынан Си-295 әскери ұшағымен жеттік.

1.JPG

Әскери бөлімде әуе базасы командирінің орынбасары,подполковник Бекболат Жұмабаев күтіп алып, әскери бөлім аумағында болған кезде қандай ережелерді сақтау қажет екенін айтты.

2.JPG

Содан соң қаз қатар тұрған әскери ұшақтардың 4++ буыны – СУ-30СМ ұшақтарын жақыннан көруге аттандық.

3.JPG

Лейтенант, Мирас Айдарұлы , СУ-30СМ жойғыш ұшағын тізгіндейді. Ол курсанттық өмірінен бастап ұшады. Бұл әуе базасында екі жылдан бері жаттығады.

«Курсанттық өмірді санағанда осымен төртінші жыл кетіп барады. Екі жыл курсанттық өмірімде Балқаш қаласында Л-39 әскери ұшағымен ұштым. Оқу бітірген соң Талдықорған әуе базасына келгелі екі жылдан бері СУ-37СМ жойғыш ұшағымен ұшамын. Біз бірінші курсқа түскеннен бастап төрт жыл бойы үйренеміз. Осы әуе базасына келгелі бері әуеде жаттығамыз. Біздің алдымыздағы үлкен ағаларымыз, полковниктар – біздің үйретушілеріміз. Ұшқыш ол өмір бақи оқып өтеді. Себебі, бәрін толықтай білу мүмкін емес. Жерде + беске білсең, ауада тек қана үшке білесің», - дейді ұшқыш.

4.JPG

Ұшқыш болу Мирастың бала арманы. Ол арманын ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевпен байланыстырады.

«Елбасымыздың бала кезінде ұшқыш болуды армандағынын білген соң мен оның арманын орындағым келді. Мақсатыма жеттім деп ойлаймын, бірақ алдымда қаншама жұмыс, жететін мақсаттар бар», - дейді лейтенант.

Ол әуеде 140 сағат жеке, бақылау және экипаж құрамымен ұшқан.

Оның айтуынша, қазіргі таңда СУ-30СМ ең жоғары маневрлі жойғыш ұшағы кейбір елдерде, ал Қазақстанда тек Талдықорғандағы әуе базасында ғана бар.

«Ресей, Қазақстан, Өзбекстанда бар. Қытай бұл ұшақты J деген атауымен өздерінде шығарады. Ұшақтың артықшылығы – жан-жақты, тек жойғыш болса ол ауадағы күресті ғана жүргізеді. Алайда бұл ұшақ жан-жақты, тосқауыл жасау, бомбалау, әуедегі күрес, Boeing секілді тасымалдау ұшақтарынан жасырыну операцияларын орындау және т.б. секілді операцияларды орындауға болады», - дейді Мирас.

Лейтенант Темірлан Байменов әуеде 184 сағат ұшқан. Ол бізге құны 5 млн теңге тұратын ұшқыштардың костюмін көрсетті. Әскери ұшқыштар 6000 метрден жоғары биіктікке көтерілетін болса осы формамен ұшады. Оның айтуынша, әдетте оң артық жүк болған соң қан бастан-аяққа құйылады. Бұл костюм әуедегі артық жүк кезінде организмде қанның қайнауына, қанның бастан-аяққа құйылуына жол бермейді. Костюм ішінде «шланг» жалғасқан.

6.JPG

«Бұл базада екінші жыл жаттығамын, ал негізі бес жылдан бері ұшамын. Ұшқыш болу – бала кезден арманым. Астанада оқыдым. Сол кезде ұшу арманымның жүзеге асуы үшін Ақтөбеде институтқа оқуға түстім. Оқу-жаттығу бағдарламасында 8000-8500 метр биіктікке көтерілеміз. Негізі 12 мың метрге дейін жетеді. Өзім көтерілген ең жоғарғы биіктік – 8500 метр», - деді жас ұшқыш.

Ұшу қорқынышты емес пе деп сұрағанда ол сенімді түрде «жоқ, қорқыныш біздікі емес» деп жауап берді. Темірлан бізге алғашқы ұшуын айтып берді.

«Кез келген ұшқыш ешқашан өзінің алғаш әуеге көтерілген сәтін ұмытпайды. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бірінші жерден көтерілген сәт шығар. Алғашында денең дірілдеп, жүрегің дүрсілдейді. Қозғалтқыш қуатқа толы, ұшақ жерден үзілгеннен кейін тынышталып, жылдамдық қалыпқа келеді», - дейді ол.

7.JPG

Ұшқыштар арасында ырым көп. Мысалы Темірлан ұшар алдында фотоға түспейді және бір-бірімен «әзірге, сау бол» деп қоштаспайды.

«Әрбір ұшқыштың өзіндік ритуалы бар. Мен ұшатын күн алдында ұйықтамастан бұрын ертең не істейтінімді елестетемін. Бұл маған көмектеседі. Сосын менің сәтті саным 27. Екі рет өмірімде осыған тап болдым. Авиацияда әскери тапсырмалар болмаса 13 санына тап болмауға тырысады», - дейді Байменов.

Лейтенант ұшақ істен шыққан жағдайда немесе төтенше жағдай болғанда аз уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдау маңызды екенін айтты.

«Біз мұндай жағдайларды жерде талқылаймыз. Егер дайын болмасақ ұшуға рұқсат бермейді. Ұшу кезінде барлығына дайын болуымыз керек. Базада ұшақтан еш айырмасы жоқ арнайы жаттығу құрылғысымен дайындаламыз. Жерде белгілі бір шектеулер, істен шығу деген секілді болса басшылықтың шешімімен келісіп, дұрыс әрекет жасайсың. Әуеде егер уақыт тапшы болса өзің де дұрыс сауатты шешім тауып, әрекет етуің керек», - дейді ол.

Ұшақ көкке көтерілмес бұрын жерде тексеріледі. Бұл іске жауапты – инженерлер. Солардың бірі – ұшақ техникасы бойынша аға лейтенант Ерсұлтан Жоламан.

9.JPG

Ерсұлтан бұл мамандық сұранысқа ие екенін біліп, Ақтөбедегі әуе қарулы күштерінің әскери институтына түскенін және ұшқыш болмағанынан өкінбейтінін айтты.

«Бұл ұшақпен кез келген ауа райында ұшуға болады. Ұшақты дайындау ұшуға дейінгі және ұшудан кейінгі 4 кезеңнен тұрады. Ұшуға 4 сағат қалғанға дейін тексеру қажет. Бір сағат қалғанда қайта тексереміз», - дейді аға лейтенант.

10.JPG

Әр дайындықта ұшақтың жүйесі, жанармайы, ішкі-сыртқы жүйесі тексеріледі, кабинадағы цифрлардың нормаға сай ма, жоқ па екенін қарап шығады.

11.JPG

Оның айтуынша, ұшақтың қауіпсіздігі 99% техниктерге байланысты. Ұшақтағы барлық бұзылу, істен шығу ол жер үстінде де болады. Сол себепті ұшақтар әуеге көтерілместен бұрын бірнеше рет тексеріледі.

12.JPG

Талдықорғандағы әуе базасы елімізде бірнеше рет үздік деп танылды. Жыл санап жас ұшқыштармен де, жаңа ұшақтармен де толығып келеді.

Өзгелердің жаңалығы