Бас жаңалықтар
Профессионалдар. Шекара қызметіндегі радиотелефонист
EX PHOTO
08 Наурыз 2021, 18:18 1520

Профессионалдар. Шекара қызметіндегі радиотелефонист

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әдетте қыз бала өскен кезде дәрігер немесе мұғалім болуды армандайды. Дегенмен соңғы кезде әйелдердің әскери қызметке қызығушылығы артқаны байқалады. 2019 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның Қарулы Күштерінде 9 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың 10%-ы офицерлер екен. Бүгін 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай әскери қызметте ерлермен қатар елге аянбай қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер туралы жазуды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз – Шығыс Қазақстанда «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2017 әскери бөліміне» қарасты Қаратал ауылы шекаралық комендатурасының байланыс қызметкері Сәуле Болатқызы.


«Әскери ант қабылдағаныма 13 жыл болды»

Сәуле Болатқызы 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Сарытерек орта мектебін оқып бітірген. Кейіннен Өскемен қаласындағы заң колледжіне түсіп, оны 2005 жылы тәмамдаған. Әскери мамандыққа 2008 жылы келген. Сол жылы ант қабылдап, радиотелефонист қызметіне кірісіп кеткен. Сонымен қатар ол 2003 жылы тұрмыс құрғанын айтты. Қазір жолдасы Дәурен екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары биыл мектеп бітіреді екен. 


«Команда бойынша көтерген кезде 15 минуттың ішінде кешікпей жұмыста болуың керексің»

Сәуле Болатқызының жұмыс күні бірде қарбалас, бірде әдеттегідей тыныш өтеді екен. 

Біз күн-түн демей жұмыс істейміз. 8 сағат сайын ауысып отырамыз. «Нарядқа» да ерлермен қатар түсеміз. Команда бойынша көтерген кезде 15 минуттың ішінде кешікпей жұмыста болуың керексің. Келген қоңыраулар мен хабарламаларға уақытылы әрі дереу жауап беріп отырамыз, - деп түсіндірді ол.
«Әрбір әйел әскери қызметке шыдай бермейді»

Сәуленің әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп жүргеніне биыл 13 жыл толған екен. Осы орайда ол осы мамандықты таңдағысы келетін қыз-келіншектерде қандай қасиеттері болуы керегін айтты. 

Әрбір әйел әскери қызметке шыдай бермейді. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкіпіріндегі шекарасын аралап, оның тыныштығының қамтамасыз етілуіне үлесімізді қосып жүрміз. Жалпы әйелдер әскери қызметкер болуы үшін оларға ең алдымен шыдамдылық қажет. Сонымен қатар басшылықтың тапсырмасын бұлжытпай әрі уақытылы орындап отыру керек. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жүгі ауыр осынау қызметте жұмыс істеп жүргеніме еш өкінбеймін, - деді ол.

Ата-енесінің қамынан бөлек, төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана әскери қызметтегі әйелдерге үйдің тірлігі мен жұмысты алып жүру кей кезде қиынға соғатынын айтып өтті. 

Әскерилерге жұмыс пен үй шаруашылығын бірге алып жүру қиын. Өйткені жұмыс уақыты әдеттегі қыз-келіншектердікіндей қалыпты емес. Жұмысқа кейде күндіз, кейде түнде түсеміз. Жұмыстан шыққасын, үйдің тірлігі күтіп тұрады. Қызметімнің бас кезінде қиындау болған, бірақ қазір үйрендік. Балалардың тамағын беріп, олардың сабақтарын оқытып, тәтті-дәмдіні де пісіріп, күйеуіме де уақыт бөлуге үлгеретін болдым, - дейді Сәуле.

Сәуле Болатқызы жұмыс істейтін шекаралық комендатурада 10 ер адам және 2 әйел жұмыс істейді екен. Олардың басты міндеті – қоңыраулар мен хабарламаларға барынша тез жауап беру, келіп түскен тапсырманы бұлжытпай орындау.

Осы ретте ол әскери қызметтегі әйелдердің рөліне тоқталды.

Әскери қызмет негізінен ер адамдарға арналған деген стереотип қалыптасқан. Бірақ солардың арасында ер адамдармен теңдей қызметін атқарып жүрген әскери әйелдердің де өзіндік орны бар. Біз жұмыстағы атмосфераны реттеп отырамыз. Әйелдер негізінен ер адамдарға қарағанда шыдамдырақ қой, - деді Сәуле Болатқызы.
«Әскери баспана» арқылы үш бөлмелі үй алдым»

Жылдар бойы радиотелефонист қызметін атқарып келе жатқан Сәуле Болатқызы әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан қандай көмек берілетінін айтты.

Басшылығым өте жақсы. Әйел адамдарға ерекше түсіністікпен қарайды. Мерекелік күндері ақшалай мадақтама аламыз. Жақында «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Өскемен қаласынан 3 бөлмелі пәтер алдым. Ай сайынғы несиені мемлекет төлейді. Оған дейін де әр отбасы мүшесіне «квартирный» төленіп тұратын, - деп жақсы жаңалығымен бөлісті ол.


Бұдан бөлек, Сәуле Болатқызы «10 жыл мінсіз қызметі үшін» және «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медальдарымен марапатталған.



Сөз соңында ол қазақстандық қыз-келіншектерді бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Көктемнің шуақты күнімен қатар келген 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Әрбір үйдің шырағы мен жарығы сөнбесін! Аналарымыз аман болсын! Қазақстанымызда әрдайым осылай тыныштық болсын, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...