Бас жаңалықтар
Профессионалдар. Полиция
PHOTO
17 Қараша 2020, 18:02 444

Профессионалдар. Полиция

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Полиция - өте кең ұғым. Ішкі істер органдарына қандай адамдар қабылданады? Қызметкерлерге қойылатын талап қандай? Осы және өзге сұрақтарға 20 жылға жуық бойы қызмет етіп келе жатқан, өз ісінің хас шебері полиция подполковнигі, ІІМ Кадр саясаты департаменті ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанатбек Қарабеков жауап берді.

Қанатбек Қарабеков 1980 жылдың шілдесінде Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауылында дүниеге келген.


Орта білімді 9-сыныпқа дейін туған ауылымда тәмамдадым. Ал 11-сыныпты Қарағанды қаласындағы мектеп интернатында аяқтадым. Мектеп интернатынан кейін 1998 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Жоғары білімді растайтын үздік дипломды 2002 жылы қолға алдым. Сол жылы еңбек жолым басталды. Яғни, 2002-2005 жылдар аралығында учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қызмет атқардым, - дейді Қарабеков.

Маманның айтуынша, ол 2005 жылдан бастап осы күнге дейін ведомстволық оқу орындары саласында еңбек етіп жүр.

Ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасы Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орындарының қызметін үйлестіру және бақылаумен айналысады. Ішкі істер органдарының жүйесінде 6 оқу орны бар. Ол – Қарағанды, Алматы, Қостанай академиялары және Ақтөбе заң институты мен Павлодар, Шымкент қалаларындағы оқу орталықтары, - деді ол.


Қарабековтың айтуынша, ведомстволық білім беру ұйымының мақсаты – ішкі істер органдарына кадрларды дайындап, іріктеу.

Мамандардың біліктігін арттыру және қайта дайындауды жүзеге асырады. Осы салада 2005 жылдан бастап қызмет етіп келемін. Осыған дейін ІІМ Қарағанды, Қостанай академияларында еңбек еттім. Осы жылдың наурыз айынан бастап бас шаһардағы Ішкі істер министрлігінде қызметімді жалғастырып жатырмын, - деді ол.

Қанатбек Қарабеков ішкі істер органына қызметке бару үшін кез келген азамат заң талаптарын қатаң сақтауы керегін айтады.

ІІО-на қызметке кандидат, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау аясында заң талаптарын қатаң сақтап, әділетті болуы керек. Сонымен қатар кез келген құқықбұзушылықтан азаматтарды қорғауға дайын болуы тиіс, - деді ол.

Профессионалдың айтуынша, ішкі істер органдарына қабылдану үшін мемлекеттік қызметке орналасарда талап етілетін құқықтық актілер бойынша тест тапсырылады.

Сондай-ақ кандидаттарды алдын ала зерделеу арнайы тексеріс, медициналық және психологиялық-физиологиялық куәландыру, дене шынықтыру дайындығының талаптарына сәйкестігін және кәсіби құзыреттерге сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асырылады.

Тест тапсырған соң, қызметке үміткердің денсаулығын тексеру бойынша медициналық комиссия жұмыс істейді. Комиссия оң қорытындысын шығарса, үміткер дене нормативтерін тапсырады. Яғни 3 кезеңнен кейін оның барлық құжаты жинақталып, алғашқы кәсіби даярлық бойынша оқуға жіберіледі. Бұл жүйеге 2021 жылдан бастап өзгеріс енгізілмек. Алғашқы кәсіби даярлық курстарына тыңдаушыларды ведомстволық ЖОО іріктейтін болады. ІІМ-ге қызметке орналасу 2 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі үшін мектеп бітіргенде мамандықты таңдаса, бакалавриат бойынша Қарағанды академиясы тергеушілер мен криминалистерді дайындайды. ЖОО тәмамдаған соң ішкі істер органдарына алғашқы кәсіби даярлықтан өткен соң қабылданады, - дейді маман.


Қарабеков атап өткендей, ішкі істер органында еңбек етудің артықшылықтары да бар.

Халыққа қызмет ету – әр азаматтың парызы. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқық бұзушылықтардан қорғау – елім дейтін ердің ісі деп біледі. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің, олардың отбасы мүшелерінің заңмен белгіленген әлеуметтік кепілдіктері де бар - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...