Профессионалдар. Полицейлер отбасы

12 Қыркүйек 2021, 17:10
6787
Бөлісу:
Профессионалдар. Полицейлер отбасы
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде - Отбасы күні. Мерекеге орай Қызылорда ҚІІБ-ның жергілікті полиция қызметі бөлімінің Қоғамдық тәртіпті сақтау жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тобының аға инспекторы полиция капитаны Талғатбек Бекарыстанов және Қызылорда облыстық Полиция департаментінің басқару бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру және бақылау бөлімінің инспекторы, полиция майоры Венера Ізтілеуовамен әңгімелестік.

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Сол мемлекеттің іргесін берік қалап, терезесін өзгелермен теңестіріп ұстау үйдегі отбасының әр мүшесіне тікелей байланысты. Отбасында әке мен ананың жылулығы ерекше сезілген шаңырақта өскен бала рухани кедей болмайтыны ақиқат. Бүтіндей бір отбасының тұтқасын берік ұстау, үйдегі отағасы мен отанананың көрегенділігінің арқасы. 

Профессионалдар. Полицейлер отбасы

Көпшілік үлгі тұтып, сыйлайтын отбасылардың бірі - Бекарыстановтар отбасы. Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел ішінде тәртіпті жіті назарда ұстауда талмай қызмет етіп келе жатқан Бекарыстановтар отбасы татулық пен берекеге толы шаңырақ. Адам өмірі мен ел тыныштығын қылмыскерлердің құрығынан сақтап келе жатқан отбасындағы жолдасы мен жұбайы бүгінде бір салада қызметтерін ұштастырып отыр.

Қызылордалық полицейлердің еңбек жолы...

Талғатбек Бекарыстанов 1983 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылында  дүниге келген. Ал жары Венера Қызылорда қаласында туылған.

Балалық шағым да сонда өтті. 2005-2007 жылдары Қарулы Күштер қатарында қызметін атқарғанмын. 2007 жылы туған елге келіп, Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қызметке орналастым. Алғашқы қызметтік жолымды полиция батальонының полицейі қызметінен бастадым. Қазіргі таңда Қызылорда ҚІІБ-ның жергілікті полиция қызметі бөлімінің Қоғамдық тәртіпті сақтау жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тобының аға инспекторымын. Қызметтік шенім - полиция капитаны. Жолдасым Венера Қызылорда қаласында 1984 жылы дүниеге келген. 2008 жылы еңбек жолын Қызылорда облысы МКҚБММ-нің полиция батальонының полицейі қызметінен бастаған. Әр салада қызмет атқарған. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық Полиция департаментінің басқару бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру және бақылау бөлімінің инспекторы қызметін атқарып келеді, - деді полицей Талғатбек Бекарыстанов.
Қызмет пен құрмет

Отбасы мүшелерінің бір салада қызмет атқарып келе жатқаны өзара түсіністікті арттырады. 

Ел тыныштығы мен отбасы берекесін сақтауда қызметіміздің бір арнада тоғысқаны да себеп болды. Біз 2007 жылы танысып, 2010 жылы отау құрдық. Бүгін 3 қыз тәрбиелеп отырмыз. Қанылбек Диана, Айзия және Аймира есімді қыздарымыз бар, - деп айтты Венера Ізтілеуова.
Полицейлер династиясы
Менің әкем Қуанышбай Ізтілеуов ІІО-ның зейнеткері. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қызмет атқарған. Әкем Кызылорда қаласы ПД ардагерлер кеңесінің мүшесі. ІІО қызметіне әлі де ат салысып, жас буынға жол көрсетіп келеді. Қазір балаларына, немерелеріне үлгі болып, қажет кезде ақыл кеңесін айтып отырған асқар тау тірегіміз, - Венера Ізтілеуова.

Профессионалдар. Полицейлер отбасы

Сөз барысында Венера аталған салаға келуіне не себеп болғаны туралы айтып берді.

Профессионалдар. Полицейлер отбасы

Бұл салаға балалық шағымнан қызығушылығым болды. Елге қызмет етіп, тәртіпті сақтауға үлесімді қосуды арман еттім. Одан бөлек әкеме еліктедім. Ол кісінің тәртіп сақтау үшін аянбай еңбек етіп жүргенін көріп мен де сол кісінің жолын қуғым келді. Сол арманым орындалғанына қуаныштымын. Сеніп тапсырылған міндеттерді адал орындауға тырысып келемін, - Венера Ізтілеуова.
Полицей жұмысының қиындығы неде?
Жұмыс болғасын ауыртпалығы да болады. Біз уақытпен санаспайтын салада жұмыс істейміз. Екеуміз екі басқармада жұмыс істейміз, бірақ бірлесіп шешімін тауып келеміз. Сүйікті мамандығын игерген адам жұмысқа да, отбасына да уақыт табатынына сенімдімін, - дейді ол.
Нағыз полицей қандай болуы керек?
Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдамдылық танытып, шыдау. Ал бұл - кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті талап етеді, - дейді қызылордалық полицей.
Отан отбасынан басталады
Жұмыстан тыс уақытымызды отбасымызбен бірге өткіземіз. Қыздарымызға көбірек уақыт бөлуге тырысамыз. Еңбек демалысын да бірге алуды жоспарлаймыз, балаларымызды ауылға ата-әжесіне алып барамыз. Табиғатта демалғанды ұнатамыз. Үлкен қалаларға барамыз, көбіне Алматы қаласында демаламыз, - деп айтты Венера Ізтілеуова.

Полицей Отбасы күніне орай жүрек жарды тілегін де білдірді.

Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие - бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасы - ең қымбат және құнды қазына. Себебі жақындарыңыздың қолдауы кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі. Сондықтан Отбасы күні елімізге тыныштық, бейбіт заман және әр отбасына амандық, шаттық, бақыт тілеймін. Балапандарымыз аман болып, дамыған, берік мемлекетіміздің нағыз азаматтары болсын. Әрбір қазақстандық отбасының өркендеуімен біздің Қазақстанымыз, біздің Отанымыз нығая берсін, - деп жылы лебізін білдірді ол.

Өзгелердің жаңалығы