Профессионалдар. Нумеролог

11 Қараша 2020, 11:48
3912
Бөлісу:
Профессионалдар. Нумеролог
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нумерология – сандарды сөйлететін ілім. Адамның болмысын сандар арқылы зерттеу кейінгі кезде белең алды. Бүгінгі таңда сандарды сөйлетіп, адамның болашағына болжам жасайтын мамандар саны көбейді. Адамдар олармен кеңесіп, сауда мен саттықта, маңызды істерді атқару кезінде дұрыс шешім қабылдап жүргені де жасырын емес. Сандардың тілін меңгерген маманның пікірін білуге тырыстық. Бүгінгі профессионал – нумеролог Диана Қазбек.

Мен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келдім. Жуырда Нұр-Сұлтанға қоныс аудардым. Мектеп кезінде ата-анамның жиі қоныс аударуына байланысты бірнеше мектепті ауыстырғаным бар. Ал жоғары білімді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша алдым. Көп уақыт заң саласында еңбек еттім. Қазір де бұл саладан тым алыстап кетпедім, - дейді ол. 

Диананың айтуынша, нумерологияға ол кішкентай кезінен бастап қызығушылық танытқан. 

Пифогор кестесі туралы 8-9 жасымда естіген едім. Қызығушылығым оянып, кітаптың барлығын оқып тастаған едім. Алайда толық меңгердім деп айта алмаймын. Мені зерттелмеген, құпия істер қызықтыратын. Нумерология саласына келуге карантин жәрдемдесті. Карантин кезінде өзім үшін жаңалық аштым. Сандар арқылы адамдарды тани алатын қасиетім бар екен. Мен бар ынтаммен сандарға үңіліп, олардың біздің өмірімізге әсері туралы зерделей бастадым. Көп зерттеп, оқыған сайын нумерология мен астрологияға қатты сене бастаймын. Себебі ол біз туралы біз білмейтін де мәліметтерді көрсетуі мүмкін, - деді ол. 
Нумерологтың айтуынша, бұл салада сандарды дұрыс жіктеп, оқу аса ерекше мәнге ие. 

Профессионалдар. Нумеролог
Артық сөз болмауы керек. Себебі тыңдаған адам өзі туралы нақты әрі түсінікті ақпаратқа ие болуы тиіс. Нумеролог өз алдына психолог та, адамның ашылуына көмектесіп, дұрыс кеңес бере алуға тиіс. Адамды сендіре алуы да рөл ойнайды, - дейді маман. 

Диана Қазбек атағандай, сандар бойынша адам туралы өте көп мағлұмат айтуға болады. 

Сандар адамға өте қатты әсер етеді. Туған жылы, айы мен күні, уақыты, тіпті қай жерде дүниеге келуі де үлкен мәнге ие. Нумеролог проблеманың негізін көріп тұрады. Оны шешіп, адамның бойындағы кейбір қасиеттерді реттеуге де жәрдемдеседі. Қазір әлем өзгеріп жатыр. Астрологтар мен нумерологтар аса үлкен сұранысқа ие болмақ. Себебі жақсы нумеролог маманға барған адам өзінің өмірі туралы пайдалы ақпаратқа қол жеткізе алады, - деді ол. 
Профессионалдың айтуынша, клиенттердің көбі кеңестен кейін шабыттанып шығады. 

Профессионалдар. Нумеролог
Көп адам кеңестің жәрдемдескенін айтып, жаңа ойлардың пайда болғаны үшін алғыс айтып жатады. Тұлғаның сараптамасын шығарған соң, көп адамға мамандық таңдау, жеке өмірін қалыпқа келтіру саласы бойынша да көмектесемін. Ал болашаққа болжам жасау алдағы бірнеше жылға жоспар құруға жәрдемдеседі, - деді ол. 
Ол айтқандай, нумерологияға келіп, өзін жақсы түсіне бастаған. 

Қазір өзімнің мықты қасиеттерімді басымдыққа алып отырамын. Балалар тәрбиесіне қатысты да көп мағлұмат алып, олардың дұрыс бағытта дамуын қадағалап отырамын. Мен отбасымның дамуын да сандар арқылы жіктеймін, ол дұрыс жолмен жүруге жәрдем береді. Мен жеткен межеде тоқтап тұрмауға тырысып, өз білімімді күн санап жетілдіріп отырамын. Ол маман ретінде де, тұлға ретінде де нығая түсуге мүмкіндік береді, - деді ол. 
   
Еске салсақ, «Профессионалдар» айдарының бұған дейінгі шығарылымында тарихшы мамандығы туралы баяндаған болатынбыз. Тарихты жазатын, құжатқа түсіретін тарихшылардың мойнына қандай жүк артылатыны, олар неге сүйенетіні туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет айтып берді.


Өзгелердің жаңалығы