Профессионалдар. Хореограф
PHOTO
1 Мамыр, 12:30 1846

Профессионалдар. Хореограф

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Хореограф - өз эмоцияларын би арқылы жеткізе білетін шығармашылық адам.

Ол икемділігімен, жеңілдігімен ерекшеленеді, бірақ сонымен бірге оның мінезінде көшбасшының бейімділігі, сендіре білу, тіпті қажет кезде күштеу қабілеті басым болуы керек. Хореограф тәлімгер, сол себепті ол кез келген жастағы адамдармен ортақ тіл таба білуі керек. Сондай мамандардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық хореография академиясының Өнер факультеті профессоры Гүлнар Саитова.

Әртістер әулетінен шыққан әртіс

Негізі егіздер өте дарынды болып келеді. Менің де бойымда Құдайдың берген дарыны бар, - деп бастады сөзін Гүлнар Саитова.

Гүлнар Саитова биыл 70 жасын атап өтеді.

1952 жылы Алматы облысында әртістер отбасында дүниеге келдім. Ұлтым – ұйғыр. Осы жылы 70 жасқа толамын. Жалпы ата-бабам, бәрі осы қазақтың жерінде туып өскен. Әкем актер, музыкант болған. Кейін ол сабақтағы концертмейстер болды. Анам да акриса. Бұрын театрларда актерлер қандай болушы еді? Олар әнді де айтып, биді де билейтін жан-жақты болатын. Негізі әулетімізде ата-әжелеріміз билеп, ән айтып, түрлі отбасылық мерекелік кештерді дәстүрі жиі ұйымдастырылып тұратын. Әсіресе, анамның сіңлісі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Рахиля Машурова, - дейді професор.

Сөзінше, әпкесі қазақстандық түрлі фильмдер, телесериалдарда ойнайды.

3-сыныптан кейін училищеге түстім. Ол жерде 3 жылдай оқып, жүрегім оқуды әрі қарай жалғастыруыма мүмкіндік бермеді. Сөйтіп мені училищеден алып кетті. Бірақ мен спортпен айналысуды жалғастыра бердім. Гимнастикамен айналысып, әртіске қажетті денсаулықты, қажыр-қайратты қайта бойыма жинадым, - деп айтты Саитова.

1969-1971 жылдары Республикалық эстрада-цирк студиясының (қазіргі Ж.Елебеков атындағы РЭЦК) хореография бөлімінде халық билері бойынша білім алды. Кейін ансамблдерге жиі тәжірибеден өтуге барып тұрған. 

Сонымен қатар кейіпкеріміз педагогикалық қызметпен айналысты. Нақтырақ айтқанда, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде (1988-1999; 2002-2012), А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі (1989-1999), Т.Жүргенова атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (2002-2016).

Одан бөлек, 1992 жылы – Қазақстан мен ҚХР Ұйғыр автономиялық ауданы Шыңжаң мәдениет министрліктері арасындағы шығармашылық кадрлармен алмасу бойынша Үрімжідегі өнер институтында («Шығыс халықтарының билері») сабақ бердім. 1999-2001 жылдар аралығында Көркемсурет академиясының директоры – Бейл Курсудың шақыруымен Шығыс халықтарының классикалық және билерінен сабақ бердім (Стамбул, Түркия).

Кейін 2016 жылдан бастап ҰАО Қазақ ұлттық хореография академиясының балетмейстер факультетінің деканы, аккомпаниаторлық шеберлік және музыка теориясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқардым. Қазіргі уақытта академияның Өнер факультеті өнертану және өнерді басқару кафедрасының профессорымын, - дейді көп жылдық тәжірибесі бар маман.

Гүлнар Саитова ТжКБ деңгейінде «Шығыс биі» пәнін оқытуды жалғастырып келеді, авторлық курстарды жүргізеді және жоғары оқу орнынан кейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру студенттерінің ғылыми жетекшісі. 

Олардың ішінде «Шығыс биін оқытудың теориясы мен әдістемесі», «Шығыс биінің композициясы», «Шығыс халықтары билерінің дәстүрлі мектебі», «ХХ ғасырдың қазіргі хореографиясы», «Актерлік шеберлік пен режиссура», «Әлем халықтары билерінің генезисі мен философиясы», «Биді зерттеудің әдістері мен әдіснамасы» және т.б. танымдық пәндер бар, - деп толықтырды ол.

Бүгінгі күні педагогика саласында жүргеніне осымен 33 жылдай уақыт болған. Ал өнерде туылған кезінен бастап жүр десек болады. Бала кезінде хореограф болуды армандамаса да, билегенді жақсы көрген.

Жоғарыда әкем музыкант болды деп айтып едім. Үйде болғанда үнемі инструменттерде ойнайтын. Ал мен билейтінмін. Бірақ маған дәрігерлер көп қимылдауға рұқсат бермесе де, арманым орындалып, би өнерімен айналысуды жалғастырып келемін. Енді ақыл тоқтатқаннан кейін ғылыммен айналыса бастадым. Яғни әлем билерінің тарихын, дәстүрін зерттей бастадым. Оларды салыстырған кезде көп ерекшелік байқалады емес пе? Балаларға сабақ өткен кезде корей, ұйғыр, өзбек, тәжік, иран, түрік билерінің шығу тарихын да айтасың. Сондай-ақ бұл халықтардың өмірлік көзқарасын, дін ықпалының қалай әсер еткенін түсіндіресің. Салыстырған кезде айырмашылық айтарлықтай көп екенін де байқайсың, бұл өте қызық, - деді хореограф.

Хореограф – биші

Хореограф пен биші – бұл екі түрлі мамандық. Өйткені балет әртісі - ол классик. Сондай-ақ ансамбльдің әртісі, орындаушы бар. Яғни балетте негізгі бағыт классикалық болса, ал ансамбльде халықтық. Бірақ оларды классикалық би негіздерінің білу деңгейі байланыстырады. Қолды, корпусты, аяқты қоюдың барлығы классикадан шығады. Кейін ғана қалған тәртіптер үйретіледі, - деп түсіндірді Гүлнар Саитова.

Хореограф бишіге қарағанда тарихи материалдарды оқумен жиірек айналысады. 

Әр балетмейстер, хореографтың өз стилі, қолтаңбасы болады. 

Мысалы, өзбек биінің қимылдарын үйренетін кезде алдымен материалдарды өзімнен өткіздім. Содан кейін барып қана бағдарлама әзірледім. Осылайша сабақ берудің әдістемесін, қалай үйрету керегін барлығын жазып, зерттейсің. Осындай көп жылдық зерттеулерден кейін «Шығыс биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» шығардым. Алдымен орыс тілінде, кейін қазақ тілінде де шығардым, - деді ол.

Хореография сабағы «поклоннан» және жаттығудан басталады. Әр ұлттық өзінің «поклоны» болады. Оның да ерекшелігі бар.

Музыка – ол шабыт

Маған музыка шабыт береді. Шаршаған кезде кез келген музыканы, классикалық, эстрадалық болсын қосып қойып, дем аламын, бәрін ұмытамын. Чайковскийдің шығармашылығы ұнайды. Бірақ нақты мына композитор деп айту да қиын. Ол тек музыкаға байланысты болады. Кейде «хороеграф ретінде сізге қандай би ұнайды? деп сұрап жатады. Бірақ ең сүйікті биім жоқ, мен үшін бәрі сүйікті биім. Сахнаға шыққан 2,5-3 минут менің иелігімде болады. Себебі көрермен маған қарап менімен бірге билейді. Бұл тамаша емес пе? Сахнаға шығып, билеу үшін де көп жаттығып, өзіңді шыңдау керек, - деп толықтырды профессор Гүлнар Саитова.

Ол бос уақытында айналысатын сүйікті ісі туралы айтып берді.

Моншақпен кесте тіккенді, тоқығанды жақсы көремін. Сондай-ақ воллейбол да ойнағанды ұнатамын, - дейді маман.

Ол бұрын гастрольдік сапарға жиі шығып тұратынын айтты. Профессор Португалия, Үндістан, Пәкістан, Венгрия, Польшада жиі болған. Соңғы рет 2016 жылы Кореяда шеберлік сабағын өткіздім.

 


Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ
Загрузка...