Бас жаңалықтар
Профессионалдар. Әдіскер
PHOTO
22 Қазан 2020, 11:05 269

Профессионалдар. Әдіскер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда елімізде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін білім беру мекемелері, балабақшалар жұмысын қашықтан жүргізіп жатыр. Алайда Үкімет ата-аналардың өтініші негізінде балабақшаларда 15 баладан аспайтын кезекші топтарды ашты. Кезекші топтар барлық карантин талабын, санитарлық ережелерді сақтай отырып жұмысын жүргізіп жатыр. 

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы туралы толық мәлімет алу үшін «Профессионалдар» айдарының бүгінгі кейіпкері Ақмарал Күшікбасовамен әңгімелестік. 

Айта кетсек, «Профессионалдар» атты тұрақты айдарымызда өз ісінің нағыз маманына айналған жандар туралы баяндалады.

Ақмарал Күшікбасова Тараз қаласындағы білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы №33 орта мектеп жанынан ашылған «Бүлдіршіндер» шағын орталығының әдіскері. 

Маман осы саладағы өз тәжірибесімен бөлісіп, балабақша жұмысы туралы айтып берді. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Профессионалдар. Тележүргізуші» туралы жазған болатынбыз.

Кішкентай кезімде «тәрбиеші» рөлін ойнағанды ұнататынмын... 

Ақмарал Күшікбасова тәрбиеші қызметіне қалай келгені туралы сөз қозғады. 


Бала кезімде ата-анам жетектеп балабақшаға апаратын. Тәрбиеші Айша апайым өте мейірімді, жақсы кісі болды. Балабақшаға келген сайын тәрбиешім мейіріммен, жылы жүзбен қарсы алып, қамқор бола білді. Бала ата-анадан бөлінген кезде ең алдымен балабақшаны көреді емес пе?! Сондықтан болар тәрбиешілердің көрсеткен мейірімі мен ең бірінші көрген ортам болғандықтан маған балабақша ұнайтын. Осы Айша апайым маған анамнан кейінгі қамқор болған кісі. Есейе келе өзіміз көрші балалармен жиналып, «балабақша» ойынын ойнайтын едік. Сол кезде әрдайым «тәрбиеші» рөлін ойнағанды ұнататынмын. Сол сәттерден бастап маған осы мамандық жақын бола түсті және осы саланы таңдауыма да септігін тигізген болар деп ойлаймын, - деді маман. 

Оның айтуынша, 2000 жылдары Тараз қаласындағы білім бөліміне қарасты Мұхтар Әуезов атындағы №33 орта мектебінде мектепке даярлық топтары ашыла бастаған. 

Сол жылдары қыркүйек айында мектепке даярлық тобының тәрбиешісі ретінде жұмысқа қабылдандым. Сөйтіп 10 жыл бойы осы қызметтегі жұмысымды үздіксіз атқардым. Кейін 2010 жылдан бастап осы мектептің жанынан шағын орталықтар, яғни балабақшалар ашыла бастады. Осылайша 2010 жылы шағын орталыққа әдіскер болып орналастым. Енді соңғы 10 жыл бойы, яғни бүгінгі күнге дейін қызметімді жалғастырып келемін, - дейді әдіскер. 

«Балалардың балабақшаға бейімделу кезеңдері болады» 

1990 жылдардан кейін балабақшалар жабылып, ЖОО-ларда мектепке дейінгі тәрбие бойынша білім беру факультеттері жабылған кезеңді бастан өткердік. Кейін 2000 жылдары балабақшалар да, мектепке даярлық топтары да қайта ашыла бастады. Сол кезде мен де қызметімді бастадым. Даярлық тобындағы тәрбиеші қызметінде 10 жылдық тәжірибем бар, - деп атап өтті әдіскер Ақмарал Күшікбасова. 

Оның сөзінше, алғашында мүлде балабақша көрмеген балаларды мектептің даярлық тобына қабылдай бастаған.
  

2000 жылдары даярлық топтары мектеп жанынан ашылғандықтан балабақшаға мүлде бармаған балаларды қабылдай бастадық. Қиын болды. Ешқандай балабақша көрмеген балалар мектепке бірден даярлық тобына келген. Олар анасынан енді бөлінген балалар болды. Негізінен балалардың балабақшаға бейімделу кезеңдері болады. Тура осы сияқты даярлық топтарына да бейімделу кезеңдерін өткіздік. Таңертең орталықта ата-анасынан жылап қалатын балалар да болды, жыламай қалатын балалар да болды. Осылайша бейімделуді, көп уақыт үйренуді қажет ететін де балалар болды, - дейді маман. 
Әдіскер мектептегі даярлық тобына өз партасына отыруды, тіпті киімін өз бетінше шеше алмайтын балалар да келгенін айтты. Кейін тәрбиешілер сырт киімін шешуді, оны ілгішке ілуді және партаға отыруды үйрете бастаған. 

«Балалардың балабақшада тәрбиеленгені дұрыс» 

Маманның сөзінше, бір мектептің ішінде жүргендіктен даярлық тобының тәрбиешілері бастауыш сыныптың мұғалімдерімен тілдесіп, жұмыс барысын талқылайды. Олар даярлық топтарының ашылғаны дұрыс болғанын, балалар даярлықтан өтіп келгендіктен жұмыстары жеңілдей түскенін айтып отыратынын жеткізді. 


Кейін балабақшалар ашылып, балаларды 2 жасынан бастап қабылдай бастады. Сол кездерде біздің де, яғни даярлық тобының да жұмысы жеңілдей түсті. Мектепке дейінгі тәрбиеде екі жасынан бастап болсын балалардың балабақшада тәрбиеленгені дұрыс деп ойлаймын. Себебі балаларға екі жасынан бастап әр түрлі ұйымдастырылған оқу қызметтері жүргізіледі. Бала 2 жас, 3 жас, 4 жас, 5-6 жас топтарына бөлінген сатылардың бәрінен өтеді. Балалар ең бірінші кіші топқа, сосын екінші кіші топ, ортаңғы топ, ересектер тобы және одан кейін даярлық тобына келеді. Осындай сатылардан балалар өткендіктен біздің жұмысымыз жеңілдей түседі және бұл балалардың өздеріне де оң әсер береді. Мысалы, екі жасынан бастап балалар жас ерекшелігіне қарай қалам ұстап, сурет салады, - деді ол. 

Балабақшада осы сатының бәрінен өтіп келген баламен кейін мектеп мұғалімдері де қиналмай жұмыстарын жүргізе алады. 

Ақмарал Күшікбасова өз тәжірибесінде осындай мәселелерді байқағанын айтты. 

Әдіскердің негізгі міндеті туралы 

Әдіскер Күшікбасова 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында шағын орталықтар ашыла бастағанын айтты. 


2010 жылдары шағын орталықтың біріне әдіскерлік қызметке ауыстым. Әдіскер ретінде тәрбиешілерге өзің білетін білімді, сонымен қатар әдіскерлік көмек көрсетіп, тәжірибеңмен бөлісесің. Сондай-ақ ары қарай осы тәрбиешілермен, педагогтармен бірлесе жұмыс жүргізе бастадым. Оған да осы күнге дейін 10 жыл болыпты, - дейді әдіскер Ақмарал Күшікбасова қызметі туралы. 

Оның айтуынша әдіскер жұмысының негізгі міндеті – жас маманға өз тәжірибесімен бөлісе отырып, бағыт-бағдар беру. 


Балабақшаға жаңа келген жас маманға бір күнгі жұмысты жеке-жеке үйретсе де болады. Мысалы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнымен таныстырып, ата-анамен жұмыс жасаудың негізгі алғышарттарын түсіндіреді. Сондай-ақ тәлімгер, әдіскер өзінің ұйымдастырған оқу қызметіне жас маманды қатыстырып, оған әр оқу жұмысының ұйымдастырылуын түсіндіре алады. Пәндік дамыту орталарын ұйымдастыру бойынша жұмыстарды түсіндіріп, балабақшадағы серуенді дұрыс ұйымдастыру жолдарын көрсетіп, бағыт-бағдар береді, - деп атап өтті әдіскер. 

Қандай стандарттар бойынша балаларға білім береді? 

Өзімнің негізгі міндетім - ұйымдастыру жұмыстары. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және бағдарламаларға сүйене отырып жұмыс істейміз. Сондай-ақ әр оқу жылына ҚР-ның білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат беріледі. Осы әдістемелік нұсқау хат бойынша оқу жоспарын дайындаймыз. Сонымен қатар әр тәрбиеші, педагог балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арналған бір жылдық перспективалық жоспар дайындайды. Осы перспективалық жоспарды әдіскер ретінде басшылыққа ала отырып, педагогтармен берілген бағдарламалар негізінде жоспарды дайындап, жұмыс жүргіземіз, - дейді балаларға берілетін білім туралы Ақмарал Күшікбасова. 

«Биыл бәрімізге қиын болды» 

Әдіскер биылғы жұмыс процесі министрлік бұйрығына сәйкес ұйымдастырылғанын айтты. 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылы 10 тамыздағы №345 бұйрығына сәйкес балабақшадағы кезекші топтарды ұйымдастыру бойынша мекемемізде кезекші топтардың жұмысын санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, ата-аналардың өтініштері негізінде жүзеге асырдық. Алғашында өтініштерді электронды нұсқада, қолжетімді құралдар арқылы қабылдап алдық. Кейін кезекші топқа баруға ниет білдірген ата-аналардың ұйым басшысы атына жазған өтініштерін жинақтап, 15 баладан аспайтын кезекші топтарды құрдық. Кезекші топтардың кестесін, жұмыс кестесін педагогикалық кеңестің отырысында бекітіп, қарастырдық. Осылайша орталықта 2 кезекші топ ашылды. Қазіргі күні әр топқа келіп жүрген 12-13 баламен жұмыс жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті ол. 

Сонымен қатар кезекші топтардың білім беру процесіне жоспар жасалып, соған сай жұмыс жүргізіп жатыр. 

2019-2020 оқу жылында наурыз айынан бастап карантинге жабылдық. 4 ай бойы ересек топтар қашықтан оқытылды, ал ортаңғы топтармен ешқандай жұмыстар жүргізілмеді. Олар ата-аналарының қасында болды, - дейді әдіскер. 

Ол айтқандай, биылғы жұмыстың ерекшелігінің бірі – оның қиындығында. Ата-аналарға да қиын болды. Себебі жұмыс істейтін ата-аналар да бар. Әлемдік пандемия бәрімізге оңайға соқпағанын жеткізді. 

Мекемеміз 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастады. Менің ойымша, еліміздегі көптеген мекеме 20 тамыздан, 1 қыркүйектен ашылып, жұмыстарын қайта жалғастыра бастады. Әрине оңай болып жатқан жоқ. Себебі барлық қазіргі ахуал санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң сақтауымызды қажет етіп отыр. Сонымен қатар жеке бас гигиенасына ерекше мән беруіміз керек, - деп атап өтті Ақмарал Күшікбасова карантин кезіндегі жұмыс процесі туралы. 

Сонымен қатар әдіскерлер ересек топтарға қашықтан білім беруді ұйымдастырған. 

«Бұрын тәрбиеші жетіспеген кезде педагогикалық білімі бар мамандарды қабылдай беретінбіз» 

Балабақшаға мектепке дейінгі білімі бар тәрбиешілерді қабылдап жатырмыз. Осыдан 10-15 жыл бұрын тәрбиеші жетіспеген кезде педагогикалық білімі бар мамандарды қабылдай беретінбіз. Қазақ тілі маманы болсын, психолог болсын немесе кез келген педагогикалық білімі бар мамандарды қабылдайтынбыз, - дейді ол мамандар туралы. 

Оның айтуынша, балабақша тәрбиешілері кәсіби білімді талапқа сәйкес сырттай болса да оқып алған. 

Қазіргі талап – мектепке дейінгі білімі бар мамандарды қабылдау болғандықтан арнайы білімі бар қызметкерлерді ғана қабылдап жатырмыз. Бұл – біріншіден талап, екіншіден мектепке дейінгі білімі бар педагог пен мектепке дейінгі білімі жоқ, бірақ педагогикалық білімі бар маман екеуі екі түрлі болады. Себебі мектепке дейінгі тәрбиені бітірген студент кәсіби маман атанады, - дейді әдіскер Күшікбасова. 

Олар балалармен қалай қарым-қатынас жасауда, оларды қалай оқытуда, тәрбиелеуде өз ісінің маманы болғандықтан осындай арнайы білімі бар тәрбиешілерді қабылдау қажет екенін айтты. 

Бірақ кейбір жекеменшік балабақшалар «педагогикалық білімі болса болды деп», жұмысқа ала береді. Солай екенін нақты айта аламын. Сондықтан көбінесе жеке балабақшаларда арнайы білімі бар-жоқ екеніне қарамайтын жағдайлар кездесіп тұрады. Ал мемлекеттік мекемелердің көбісі тек қана мектепке дейінгі білімі бар мамандарды ғана қабылдайды, - деді Ақмарал Күшікбасова кәсіби мамандарды жұмысқа қабылдау жайында. 

Оның сөзінше. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сүйеніп, балаларға білім береді. Сонымен қатар 2020-2021 оқу жылында еліміздегі білім беру ұйымдарында оқу процестерін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат бар. Осы құжаттарға, стандартқа сәйкес жұмыс жүргізеді. 

Ата-аналармен қандай жұмыстар жүргізіледі? 

Мектепке дейінгі балалар өте кішкентай, яғни 2-6 жас арасында болғандықтан ата-аналармен тығыз байланыста боламыз. Баланы ата-анасы орталыққа алып келеді және өздері алып кетеді, - дейді ол. 

Маман айтқандай, әдіскерлер, тәрбиешілер ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. 

Мысалы, ата-аналар жиналысынан бөлек, оларға бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық лекция өткіземіз. Сонымен қатар жылына 1-2 рет ашық есік күнін өткіземіз. Бұған дейін ешқандай індет жоқ кезде ата-аналар ашық есік күнінде балаларының бір күндік ұйымдастырылған оқу процесіне қатысып немесе балаларға ұсынылатын ас мәзірін көріп, бақылауына рұқсат беретінбіз. Сондай-ақ әр түрлі дөңгелек үстелдер, жиналыстар, топтық ата-аналар жиналысын, жалпы ата-аналар жиналысын, сұрақ-жауап кешін өткізіп, балабақша психологы сауалнама жүргізіп тұратын, - деп бөлісті ата-аналармен жүргізілетін жұмысы туралы Ақмарал Күшікбасова. 

Сонымен қатар ата-аналар балаларын таңертең алып келіп, кешке алып кетер кезде тәрбиешілер балаға қай бағытта көңіл бөлу керектігін айтып отырады. Дегенмен қазіргі жас ата-аналар көп нәрсені білгілері келіп, қызығушылықтарын танытып, өздері де сұрап отыратынын айтты. 

XXI ғасыр заманның талабына сай телефон, байланыс желілері арқылы ата-аналармен хабарласып, олардың сұрақтарына жауап беріп жатырмыз. Әлеуметтік желілер ата-аналармен байланыста таптырмайтын құрал болды, - дейді ол. 

Бірі үйдің кенжесі болса, бірі бұзығы – балабақшаға келетін балалар туралы 

Балабақшаға әр түрлі балалар келеді. Бірі үйдің кенжесі болса, бірі бұзығы. Енді оларды қалай тәрбиелейміз? Бұл – балалар кішкентай ғой. Олар алдағанға көнетін, мақтағанды сүйетін балалар. Мамандар, яғни педагог, тәрбиешілер әр баланың жас ерекшелігіне, психикасына, психологиясына қарай баланың нені қалайтынын бірден біледі. Себебі әр педагог - ол психолог. Мақтауды сүйетін баланы мақтайды, алдауды сүйетін баланы алдайды, түсіндіреді. Негізі үйінен ерке, бұзық болып келген балалар басқа ортаға келген кезде, өзі сияқты балалардың ортасына келгенде басылады. Дегенмен әр баланың тілін тауып, жұмыс жүргізуге әр педагог тырысады. Олар ата-анасымен байланысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ата-аналармен байланысқа түсе отырып баланың психологиясын түсіне отырып, баланы тәрбиелеп шығуға тырысады. Осы жерде айтқым келетіні - тәрбиешінің жұмысы бір жағынан қызық, бір жағынан қиын. Осы мамандықты таңдаған мамандар балалармен барынша тиімді жұмыс істеуге бар күш-жігерлерін салуға тырысады, - дейді Ақмарал Күшікбасова. 

Балабақшаға ойыншық әкелуге бола ма? 

Балабақшаға ойыншық әкелуге тыйым саламыз. Артық заттарды өздерімен бірге алып келмеуге шақырамыз. Себебі алып келген заттардың арасында үшкір, зиянды заттар болуы мүмкін, майда-шүйде түйме немесе баланың өміріне қауіпті заттар болуы мүмкін. Дегенмен кей балалар ойыншық әкелуі мүмкін. Ойыншықтарды балабақшаға алып келуге барынша тыйым саламыз. «Ойыншықты үйде, шаңырақта ойнасын. Балабақшаның ойыншықтарымен балабақшада оанасын» деген талап қоямыз. Себебі балалар ойыншық алып келгеннен кейін оның ойыншығына басқа бала қызығады, ойнағысы келеді. Ал ол бала өз ойыншығын бергісі келмеуі мүмкін. Кейбір бала бөлісіп ойнайды, кейбір бала бөліспейді. Бір топта 15-25 балаға дейін болады. Олар бір топта болғандықтан бір-бірінің ойыншығын көріп қызығады. Сондықтан мүмкіндігінше балабақшаға өздерімен бірге ойыншық әкелдірмеуге тырысамыз. Баланың өміріне қауіпті заттарды өткізбейміз, - дейді маман. 

Оның айтуынша, тәрбиешілер мен медбикелер ата-анадан баланы қабылдаған кезде бәрін тексеріп, баланың қолындағы, қалтасындағы заттарға мән беріп қабылдайды. Артық зат табылса, ата-анасына қайтарылады. 

Балалар өздерімен балабақшаға тамақ апаруға бола ма? 

Сонымен қатар балаларға өздерімен бірге балабақшаға тамақ алып келулеріне болмайды. 

Балабақшада алдын ала ас мәзірі жасалып, балалар 4 мезгіл тамақтандырылады. Бала таңғы асты үйден ішпей шықса, балабақшадан іше алады. Себебі балабақша үнемі таңғы ас мәзірі тізіміне қарай түрлі ботқалар, ірімшік, май мен нан сияқты таңғы ас әзірлейді. Балаларды тамақтандырады. Тағы бір рет балалар өздерімен тамақ әкелуге болмайтынын ата-аналарға айтқым келеді. Себебі кей балалар жол-жөнекей дүкенге соғып, алған затын балабақшаға әкелгісі келіп тұратыны белгілі. «Алған тамақты бала үйде болғанда жесін, балабақшада қалдыруға болмайды» деп ата-аналарға және балаларға тыйым салып отырамыз, - деп атап өтті Ақмарал Күшікбасова. 
Оның айтуынша, қазіргі жұмыс орнындағы балабақшада даярлық тобы жоқ. 
Өйткені мектеп жанынан ашылған шағын орталық болғандықтан мектепте даярлық топтары бар. Өзім 10 жыл бойы мектепке даярлық тобының тәрбиеші болып қызмет атқарғанмын, - дейді әдіскер. 

«Әліппенің қайта енгізілгеніне қуаныштымын» 

Әліппенің қайта енгізілгеніне қуаныштымын. Себебі әліппе балаларға жеңіл және үйренуге қызықты кітап. Балабақшада балаларға әріп үйретіледі. Дегенмен балабақша балаларға тек қана әріптерді үйретеді. Оның дауысты және дауыссыз екенін түсіндіреді. Буынға бөліп оқудың бастапқы деңгейін үйретеді. Бірақ бала мектепке әріп танып барғанымен мектептегі бағдарлама өзгеше, қиындау. Олар әріпті қайталап өткенімен мектепте тереңірек, күрделеніп оқытылады. Мектепке даярлық тобында ойын баласын қатты қинамай, әріптер жеңіл түсіндіріледі. Сондықтан бала жалықпайды, - дейді маман. 

Ақмарал Күшікбасованың сөзінше, даярлық тобындағы балаларды оқулықпен мемлекет қамтамасыз етіп жатыр. 

Ата-аналар ешқандай кітап сатып алып жатқан жоқ. Өйткені осы сұрақты сұрастырдым. Себебі өзім де әжемін. Тұңғышымыз мектепке даярлық тобына барады. Мемлекет берген кітапты пайдаланып жатырмыз, өзіміз кітап сатып алмадық, - деп атап өтті ол. 

«Балабақшаға ата-аналар маска тағып келеді» 

5 жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға болады. Сондықтан балабақшаға келгенде бала маскасыз, ал ата-ана міндетті түрде маска тағып келеді. Біздің тобымызда 3-4 және 4-5 жастағы балалар. Таңертең балабақшаның алдында тәрбиешілер балаларды қабылдап алады, ата-аналар ішке кіргізілмейді. Сонымен қатар әр баланың температурасы өлшеніп, журналға күнделікті түсіріліп отырылады, - деді ол балаларды балабақшаға қабылдау процесі жайында. 

Оның айтуынша, балалар мен мекеме қызметкерлерінің дене қызуын балабақша медбикесі орындайды. Онымен қоса, басқа санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын балабақша медбикесі қадағалап отырады.

Сөз арасында тәлімгер өз отбасы туралы да айта кетті. 

2 ұлым бар. Үлкен ұлым үйленген, 3 немерем бар. Үлкен немерем мектепке даярлық тобына барады, - дейді Ақмарал Күшікбасова. 
Сөз соңында маман еліміз, халқымыз індеттен аман болуын тіледі.


Фото: дереккөз
Загрузка...