Бас жаңалықтар
Елордадағы проблемалық нысандар құрылысына 20 млрд теңге бөлінеді
16 Шілде 2019, 17:42 230

Елордадағы проблемалық нысандар құрылысына 20 млрд теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында проблемалық нысандарды салуға 20 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков мәлімдеді.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы проблемалық нысандарға қатысты айтар болсақ, елордада 51 проблемалық нысан бар. Оның 12-сіне адамдар қоныстандырылып, пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Ал аса проблемалық 39 нысанды "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Качаков. 

Сондай-ақ, 2017 жылдың соңында елордадағы проблемалы нысандар құрылысын аяқтауға үкіметтен 40 млрд теңге бөлінген.

"2017 жылдың соңында Үкімет елорданың проблемалық нысандарының құрылысын аяқтауға 40 млрд теңге бөлді. Өткен жылы алғашқы 20 млрд теңге бөлінсе, биыл төрт жылға қайтару негізінде тағы 20 млрд теңге бөлінеді", - деді ол.

Құрылыс жұмыстарымен әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссияның тікелей қатысушысы, проблемалық нысандардың тізімін қарастыратын "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС айналысады.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 218 нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілді, оның ішінде Нұр-Сұлтанда 86 нысан болса, Алматыда – 85. 15 нысанға "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының" кепілдіктері берілді (Нұр-Сұлтанда – 10 нысан, Алматыда – төрт, Шымкентте – біреу).


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық