Президенттікке үшінші үміткер Алматы мен Шымкенттен ғана қол жинай алмады

4 Мамыр 2019, 11:38
3887
Бөлісу:
Президенттікке үшінші үміткер Алматы мен Шымкенттен ғана қол жинай алмады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина 25 сәуірде "Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы" республикалық кәсіподақтар бірлестігінің атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Амангелді Таспиховты тіркеді.

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспихов Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін; Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлік берілсін; Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелуі туралы мәліметтер берілсін; бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың тіркелгені туралы хабарлама жариялансын», - деді Сәбила Мұстафина.

Орталық сайлау комиссиясына Амангелді Таспиховтың мына құжаттары ұсынылған:

- Президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың кірістері мен мүлкі туралы декларация жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; 

- кандидатты тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; 

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының азаматтардың президенттікке кандидат Таспиховтың қолдап жиналған қолдарын тексерудің нәтижелері туралы хаттамалары. 

"Осы хаттамаға сәйкес президенттікке кандидат Амангелді Сатыбалдыұлын қолдап, Қазақстанның 15 өңірінен (Алматы және Шымкент қаласынан басқа) 122770 азаматтың қолы жиналды. Оның ішінде 119 577-і рас деп танылды. Бұл ретте 2019 жылғы 15 сәуірдегі №13/237 ОСК қаулысымен анықталған ҚР президенттігіне кандидатты қолдап жиналған рас қолдардың қажетті саны – 118 140-тан кем болмауы тиіс", - деді ОСК хатшысы. 

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды.  Осыдан кейін ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлікті табыс етті.

Өзгелердің жаңалығы