Президенттік жастар резервіне үміткерлердің жартысы шетелде білім алған

21 Қараша 2019, 13:20
1869
Бөлісу:
Президенттік жастар резервіне үміткерлердің жартысы шетелде білім алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында президенттік жастар резервіне іріктеу қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.

 
Мемлекеттік қызметке заманауи ойлайтын, құзіретті, қазіргі заманғы трендтерді білетін жастарды тарту мақсатында Агенттік тарапынан президенттік жастар кадр резервін жасақтау жалғасып жатыр. Өздеріңіз байқап жүргендей іріктеу процесі толығымен ашық түрде жүргізіледі. Іріктеудің басым бөлігі онлайн режимде өтті. Мұндағы ең басты мақсат – қатысушыларға ыңғайлылық жасау және қоғамға қолжетімді болу. Аталған жобаны жүргізу үшін арнайы онлайн-платформа әзірленгенін жақсы білесіздер, - деді Агенттік төрағасы.

Жайылғанова іріктеудің алғашқы төрт кезеңі өз мәресіне жеткенін айтты. 
Өз кезегінде қатысушылардың пікірі бойынша іріктеудің үшінші кезеңі өте қызықты өтті. Бұл кезеңде үміткерлер өздерінің жобаларын қорғады, эссе жазды және құзіреттерін бағалаудан өтті. Тестілеуді анықтаған соң "Потенциалын бағалау" кезеңіне 549 адам жіберілді. Жалпы президенттік жастар резевінің іріктеуіндегі 100 ұпайдың 60 осы "Потенциалын анықтау" кезеңіне тиесілі, - деді ол.
Агенттік төрағасы іріктеу қатысушылары туралы статситикалық мәліметтерді атап өтті.  

"Потенциалын бағалау" кезеңіне қатысушылардың 36% – квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді, 33% – жеке секторда, 31% – мемлекеттік қызметшілер. Шетелдік білімі бар кандидаттар үлесі – 47,3% (250 адам), 52,7% (278 адам) – қазақстандық ЖОО түлектері. Президенттік жастар резерві іріктеуіне қатысушылардың экономиканың әртүрлі саласында үлкен тәжірибелері бар. Олардың көп бөлігі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген немесе жұмыс істейді. 

Ол күні кеше "Потенциалын бағалау" кезеңінің қорытындысы шыққанын айтты. Нәтижесінде "Сарапшылар комиссиясы мүшелерімен әңгімелесу" кезеңіне 400 қатысушы жіберіледі. Қатысушылардың толық тізімін Pkrezerv.kz сайтынан көруге болады.
Сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу 27 қараша -13 желтоқсан аралығында өтеді. Әңгімелесу процесінің ашықтығы үшін Сарапшылық комиссияға жұртшылық өкілдерімен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілгенін атап өткім келеді. Осы әңгімелесудің қорытындысы бойынша кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылған 330 үміткерден аспайтын тізім қалыптастырылады. Ұлттық комиссияның отырысын ағымдағы жылдың соңына дейін өткізу жоспарланып отыр. Кейіннен резервке енген 300 жас маман салалар бойынша және олардың жоғары мемлекеттік лауазымдарға ұсынуға дайындық дәрежесі бойынша сараланады. Олар Мемлекеттік басқару академиясы базасында, сондай-ақ үздік әлемдік білім беру орталықтарында қажетті құзыреттер мен дағдыларды арттыру үшін қысқа мерзімді курстардан немесе ұзақ мерзімді оқудан өтеді, - деді Жайылғанова.



Өзгелердің жаңалығы