Президентке үлескерлердің мәселесін шешу ахуалы баяндалды

25 Мамыр 2020, 15:02
1509
Бөлісу:
Президентке үлескерлердің мәселесін шешу ахуалы баяндалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019 жылы қазан айындағы кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді тұрғын  үй құрылысы айтарлықтай жандана түскен. Осы орайда баспана кезегінде тұрған азаматтар мен халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін 8 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Президентке үлескерлердің проблемасын шешу және бітпей қалған тұрғын үйлердің құрылысына қатысты ахуалды реттеу жайында мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасының орындалуын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде, мектептер мен оңалту орталығын салу, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді, тұрғын үй алаптары мен қоғамдық орындарды абаттандыру сияқты жұмыстарды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек кездесуде инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету мәселелеріне баса мән берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті құрылыс секторындағы жұмыстардың көлемін арттыру, үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шұғыл шешу, сондай-ақ, жұмыссыз қала тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде тапсырма берді.


Өзгелердің жаңалығы