Президент: Заман қалай құбылса да, Қазақстан-Иран арасындағы жақсы қарым-қатынас үзілген жоқ

7 Сәуір 2021, 19:27
1430
Бөлісу:
Президент: Заман қалай құбылса да, Қазақстан-Иран арасындағы жақсы қарым-қатынас үзілген жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифті қабылдады.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Президент: Заман қалай құбылса да, Қазақстан-Иран арасындағы жақсы қарым-қатынас үзілген жоқ

Мемлекет басшысы елордаға сапармен келген Иран дипломатына ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың достық сипатын атап өтті.

Иран – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі. Заман қалай құбылса да, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастар үзілген жоқ. Халықаралық ахуал өзара ынтымақтастығымыздың дамуына әсер етпеді. Біз бұл жағдайды жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Иран Президенті Хасан Руханиға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Мохаммад Джавад Зариф Қазақстан Президентінің қонақжайлық танытқанына алғыс айтып, Нұр-Сұлтан қаласына тағы да келуге қуанышты екенін атап өтті.

Сыртқы істер министрі Иран Президенті Хасан Руханидің сәлемі мен Наурыз мерекесіне байланысты құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Хасан Руханидің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Иранға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.  

Президент: Заман қалай құбылса да, Қазақстан-Иран арасындағы жақсы қарым-қатынас үзілген жоқ

Біз Сіздің еліңізбен арадағы ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өңірдегі жақын көршілеріміздің әрі достас мемлекеттеріміздің бірі, – деді Мохаммад Джавад Зариф.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.


Өзгелердің жаңалығы