Бас жаңалықтар
Президент Үкіметке «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды
26 Қаңтар 2021, 14:15 241

Президент Үкіметке «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде айтты.

Президент экология мәселесіне де тоқталды.

Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Бұл - халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 40,8 пайызы ғана «экологиялық жағдайға көңіліміз толады» деп жауап берген. Осыған орай жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл - жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат, - деді ол.

Сондай-ақ Кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келетінін айтты.

Экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға арналған тиімді бағдарламаларды жүзеге асырған жағдайда кәсіпорындар өндірістік қалдық үшін алынатын төлемдерден босатылады. Үкімет және қоғам осы жұмыстың уақытылы және сапалы атқарылуын қатаң бақылауда ұстауы қажет, - деп түсіндірді Тоқаев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Президент тапсырмасы бойынша 50 млрд түп ағаш отырғызылады. Бұл азаматтардың тарапынан кең қолдау тауып жатқан бастама екенін айтты.

Жалпы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеуіміз қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты органдарды анықтау үшін жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті тақта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады, - дейді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. 


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...