Президент ұдайы жабық әлеуметтік сараптама алып отырады – Абаев

3 Қыркүйек 2021, 09:42
2193
Бөлісу:
Президент ұдайы жабық әлеуметтік сараптама алып отырады – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог 2» сұхбатының кезекті санында Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді.

Жолдаудың ішінен нақты бір нәрсені жеке бөліп айту қиын. Өте көп жүйелі шараларды қамтыған кешенді құжат болып шыққан. Бірақ шартты түрде алсақ, Президент атаған маңызды тезистің бірі – халықты жайылыммен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының қолын жайылымдарға жеткізу мәселесі. Айтпақшы, бұл жергілікті әкімдердің тиімділігін анықтайтын маңызды өлшем болады. Көбі «Жайылымда тұрған не бар? Ауылдың ғана мәселесі ғой» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл стратегиялық маңызы бар мәселе және бәрімізге қатысы бар. Ауылдың ғана емес қала тұрғындарына да қатысты. Неге? Өйткені дүкен сөрелеріндегі сүт пен ет өнімдерінің бағасы осыған тәуелді. Неғұрлым қолжетімділік көбірек болса, таңдау аясы де кең болады. Ал таңдау көп болса, баға арзанырақ болады, - дейді Дәурен Абаев. 

Сондай-ақ, ол Жолдауда су шаруашылығымен байланысты кешенді шаралардың жобасы айтылғанын еске салды.

Әкімдер жұмысының тиімділігі туралы жалғастыратын болсақ, су инфрақұрылымын да қоса кетер едім. Президент бүкіл ел бойынша 120 су арнасының инфрақұрылымын жаңғыртып, 9 жаңа су қоймасын салуды тапсырды. Бұл – өте үлкен жұмыс және мәні зор көрсеткіш. Президент ұдайы жабық әлеуметтік сараптама алып отырады. Соның ішінде су мәселесі азаматтарымызды алаңдататын мәселелердің үштігінен түспейді. Кей өңірлерде судың сапасы азаматтар үшін жеке табысынан да өзекті мәселеге айналған. Бұл соншалық алаңдарлық мәселе. Сондықтан онымен айналсу керек. Президент сондықтан осындай міндет қойып отыр, - деді Президент Әкімшлігі басшысының бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы