Президент шешімі - Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадам

26 Ақпан 2021, 10:44
1965
Бөлісу:
Президент шешімі - Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадам

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан бастамалары туралы Facebook парақшасында пікір білдірді. 

Бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы жер реформасына қарсы елде митингтер болған еді. Ол кезде Үкімет шетелдіктерге жер сату туралы аукциондар жариялаған болатын. Тіпті мерзімі айтылып, бағасы қойылып, сатылатын жер учаскелері көрсетілді. Биліктегі лоббишілер қоғам бұған назар аудармайды деп ойлаған болуы керек. Қазақтың жерлерін шетелдік компаниялар мен өзге мемлекеттердің азаматтарына сату туралы шешім қабылдаған. Қазақстандықтар сол кезде «Жерді сату – Отанды сату» деген ұранмен қарсылық танытты, - деді Әбенов.

Ол атағандай, билік сол кезде көпшілікке қарсы шықпауды ұйғарды. 

Алайда дау тудырған бұл заң нормасын тоқтатқан жоқ. Сөйтіп, уақытша 5 жылға мораторий жариялады. 2021 жылы сол 5 жылдық мерзім аяқталды. Бүгінгі Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Президент жер дауына нүкте қойып, жердің сатылуы мен жалға берілуіне тыйым салуды өз мойнына алды. Президенттің бұл қадамы үлкен құрметке лайық, - деді Әбенов.

Кеңес мүшесі лоббишілерге халықты алдауға, билікке үстемдік етіп, шетелдік тапсырыс берушілерге ыңғайлы заңды қабылдауға үміт те беруге болмайды деп санайды.

Келесі қадам – осы салада тәртіп орнату. Латифундистердің арнайы тобы бар. Олар шетелдіктердің жеке меншігіне жерді рәсімдейді. Сосын сол шетелдіктер ұрпақтан ұрпаққа Қазақстан азаматтарына өз жерлерін өздеріне жалға беріп отыруға дайын. Осы келеңсіздікті жою керек. Қазақстанның тарихында Тоқаевтың бүгінгі шешімі оның уақытша саяси пайда үшін емес, Қазақстанның болашағы үшін жасаған ең сәтті қадамы болып қалмақ, - деді Мұрат Әбенов.
Өзгелердің жаңалығы