Президент сайлауына қатысатын әр кандидатқа бюджеттен 7,5 млн теңге бөлінуі мүмкін

10 Сәуір 2019, 18:28
2433
Бөлісу:
Президент сайлауына қатысатын әр кандидатқа бюджеттен 7,5 млн теңге бөлінуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президент сайлауы кандидаттарына сайлау алды науқанға қатысуы үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы сомасын атады. 

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина республикалық бюджеттен қарастырылатын ақша кандидаттың БАҚ-та сайлау алды бағдарламасын жариялауға, үгіт-насихат материалдарын шығаруға, ғимаратты жалға алуға, көлік шығындарына бөлінетінін атап өтті. 

«Әр кандидатқа жұмсалатын шығынды есептегенімізде шамамен 7,5 миллион теңгеден шықты», - деді Мұстафина Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында. 

Ол мұның тек болжамды сома екенін, бірақ қаңтар айынан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшерінің 42 500 теңгеге ұлғаюымен байланысты осыған дейінгі президент сайлауы науқаны кезінде бөлінген сомадан міндетті түрде көп болатынын айта кетті. 

«Орталық сайлау комиссиясы сайлау алды науқанға қажет болжамды сметаны есептейді. Кейін оны үкіметке жібереді. Қаражатты бөлу туралы шешімді үкімет қабылдайды. Сайлау кезектен тыс болғандықтан, бұл ақша резервтен бөлінеді», - деді комиссия хатшысы. 

Мұстафина Орталық сайлау комиссиясы болжамды сметаны қаржы министрлігіне бүгін жібергенін айтты. 

Ол кандидаттың сайлау қоры қалай қалыптасатынына да тоқталып өтті. 

Бірінші, ол кандидаттың өз қаражаты мен кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктің бөлген қаржысы есебінен құралады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақы мөлшерiнің он екі мың еселенген сомасынан аспауы тиіс.  

Биыл ең төменгі жалақы мөлшері өскендіктен, бұл сома 510 миллион теңгеден аспауы тиіс.  

Екінші, республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылықтарынан тұрады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының он бес мың еселенген сомасынан аспауы керек, яғни 637, 5 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы 2019 жылдың 28 сәуірінде сағат 18.00-де аяқталатыны туралы мәлімдеді.

Бұған дейін, президенттікке үміткерлер төлеуі тиіс сайлау жарнасы 2 млн 125 мың теңгені құрайтыны туралы  және президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталған күннің ертеңіне, яғни 11 мамыр күні үгіт-насихат жұмыстары басталатыны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарды нақтылап, Қазақстан президенттігіне кандидаттардың кем дегенде 114 мың қол жинауы қажет екенін айтқан болатын.  

 

Өзгелердің жаңалығы