Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019: Тоқаев қазақ тілінен емтихан тапсырып жатыр
23 Сәуiр 2019, 16:52 1423

Президент сайлауы – 2019: Тоқаев қазақ тілінен емтихан тапсырып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясында мемлекеттік тілді меңгеру бойынша емтихан тапсырып жатыр.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы лингвистикалық комиссиясының отырысы өтті. Отырыста комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілді меңгеруін тексеріп жатыр.


Лингвистикалық комиссия құрамында, Сейіт Қасқабасов, Әділ Ахметов, Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Гүлтас Құрманбаева бар. 

Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков алдымен президенттікке кандидатқа мемлекеттік тілден өтетін емтихан талаптарын түсіндірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырманы комиссия хатшысы Гүлтас Құрманбаева тапсырды.



Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін президенттікке кандидатқа жеткілікті уақыт беріледі. Жазбаша тапсырмаға қажет болған жағдайда жарты сағатқа ұзарту мүмкіндігімен бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. 15 минут көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалуға 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.



Тоқаев жазбаша тапсырмада "Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері" деп жазылған билетті таңдады. Жазбаша тапсырманы орындау үшін кандидатқа 60 минут беріледі.


Айта кетсек, ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін кандидаттан:

- лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;

- лингвистикалық комиссия ұсынған қазақ әдебиетінен үш беттен ааспайтын мәтін оқытылады;

- лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР ОСК-ға құжаттарын тапсырғаны туралы хабарлағанбыз. 

Бүгін сағат 11:00 мен 13:00 аралығында өткен  Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынды.



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық