Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. Жаңа үміткерлермен таныс болуымыз мүмкін
09 Сәуiр 2019, 19:10 1208

Президент сайлауы – 2019. Жаңа үміткерлермен таныс болуымыз мүмкін

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Темірді қызған кезінде соғу керек» дейді ғой, сол сияқты президент сайлауын уақытында өткізіп алғанымыз дұрыс. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек БАҚ өкілдеріне пікір білдіру кезінде айтты.

«Қоғамда қазіргі президентке қатысты түрлі әңгімелер өрбіп жатыр. Бұл президент уақытша отырады, қанша уақыт отыратыны белгісіз деген сыңайда болып жатқан әңгімелерге бүгінгі үндеу нүкте қойды деп есептеймін. Себебі бізге бұны созудың қажеті жоқ. Билікті тыныш, бейбіт жолмен беру мемлекетімізге де, маңайдағы көршілерге де тиімді болар еді. «Темірді қызған кезінде соғу керек» дейді ғой, сол сияқты уақытында өткізіп алғанымыз дұрыс. Қазіргі жаһанда бұрынғыдай күтетін уақыт емес. Әлемде күнде бірдеңе өзгеріп отырады, бізде соған сәйкес дамуымыз қажет. Өз мемлекет басшымызды сайлап алып, ары қарайғы тұрақты дамуға көшу керек деп есептеймін»,-дейді ол.

Сондай-ақ ол, осы жолғы сайлау бұрынғыдан тартысты өтетінін әрі бұрын естімеген үміткерлер шығуы мүмкін екенін жеткізді.

«Біздің қоғам өткен сайлауларға қарағанда саяси жағынан өсті. Сол себепті осы жолғы сайлау тартысты өтеді деп болжаймын және ол бізге керек. Демократия болу қажет. Мемлекет басшысының өзі де «Еркін, ашық, әділ сайлау өтуіне өзім кепіл боламын» деп айтты. Оның үстіне, қоғамның саяси сауаттылығы да өсті. Сондықтан осы жолғы сайлауда әртүрлі үміткерлер шығады, тіптен біз естімеген адамдар да шығуы мүмкін. Сондай-ақ бұл қоғамның саяси санасының тез өсуіне әсер ететін науқан болады деп ойлаймын»,-деді А. Елгезек.


Фото: автордан

Сізден жаңалық