Президент сайлауы – 2019: Шетелден қанша бақылаушы келеді?

12 Сәуір 2019, 15:56
2646
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019: Шетелден қанша бақылаушы келеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан бақылаушылар Кезектен тыс президент сайлауына 2019 жылдың 3 маусымы сағат 18.00-ге дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы құжаттарын тапсыра алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина мәлімдеді. 

«Бақылаушыларды аккредиттеу Орталық сайлау комиссиясының сәйкес қаулысы қабылданған соң басталады. Бүгін аккредиттеу жұмыстарын бастай беруге болады. Дәстүрлі түрде АҚДИБ/ ЕҚЫҰ миссиясы, ЕКПА миссиясы, Еуропа кеңесі миссиясы, ТМД миссиясы, ҰҚКҰ миссиясы, Түркі елдерінің парламенттік ассамблеясының миссиясы және тағы басқа сайлауға қатысады», - деп айтты Зәуреш Баймолдина. 

Ол ОСК-ның өз миссияларын жүргізетін барлық халықаралық ұйымға шақырту жіберілгенін атап өтті. 

«Шетелден және халықаралық ұйымдардан нақты қанша бақылаушы келетінін әзірге айта алмаймыз. Өткен сайлаудағы мәліметтерге қарап шамалап айтсақ, 2015 жылы президент сайлауында 1024 бақылаушы болды. Биыл мыңнан астам, ең көп дегенде 1600-1700 адам күтіп отырмыз. Биылғы жағдай бұрынғыға ұқсамайтын болған соң, сайлауға деген қызығушылық бұдан да көп болуы мүмкін», - деп айтты ОСК мүшесі.

Бқған дейін хабарлағанымыздай, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина кезектен тыс президент сайлауы кезінде жұмыс істейтін сайлау комиссиялары мүшелерінің жалақысы туралы айтты. Оның сөзінше, сайлау комиссиясы мүшелеріне 127 мың теңгеге дейін ақы төленеді.   


Өзгелердің жаңалығы