Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. Сайлаудың маңызы тек жәшікке қағаз түсіре салу емес
19 Сәуiр 2019, 09:28 786

Президент сайлауы – 2019. Сайлаудың маңызы тек жәшікке қағаз түсіре салу емес

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдірді.

Жиында сайлау науқанына дайындық шаралары сөз болды. Университеттің проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, оқу орнында үш сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. 9 мамырдан кейін мұнда сайлау комиссияларының мүшелері кезекшілік атқарады.

«25 елден келетін бақылаушылар еліміздегі сайлау процесін қадағалайтыны белгілі. Саяси науқанда әр учаске қажетті құралдармен қамтылады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау учаскелерінің тізімі жарияланды. Қалада үйлер көптеп салынуда, әрі көшіп келушілер де көбеюде. Сол себепті тұрып жатқан мекенжайы бойынша қай сайлау учаскесіне тіркелгенін білу үшін азаматтар 29-78-05 телефонына қоңырау шалуларына болады. 28 сәуірге дейін сайлауға қатысатын үміткерлердің есімі белгілі болады. Сайлауға үміткер ретінде тіркелу үшін 118 мың қол жинауы тиіс. 9 мамырдан кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. Университет атынан еріктілер де үгіт жұмыстарына тартылуы мүмкін», - деді Аманай Сейітқасымов.

Университет қызметкерлері барша қазақстандықтарды бір адамдай сайлауға қатысуға шақырды.

«Біз өз тағдырымыз үшін, өз болашағымыз үшін, еліміздің ертеңі, береке-бірлігі, халқымыздың бақуатты тірлігі, тату-тәтті өмірі үшін дауыс береміз. Ел бүтіндігі, қарыштап дамуы, әлем алдындағы беделі, ізгі бастамалардың жүзеге асуы, балаларымыздың болашағы үшін дауыс беру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз! «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Төртеу түгел болса - төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Ендеше, осы айрандай ұйыған бейбіт күніміз, арайлап атар бейбіт таңдарымыз, ашық аспанымыз үшін дауыс берейік. Біздің әрқайсымыз Қазақстан атты алып шаңырақтың бір-бір уығымыз. Сондықтан, осынау елдік істен шет қалмайық. Президент сайлауына бір  кісідей қатысайық!» - деді тарих, заң, өнер және спорт факультетінің деканы Ақбота Бексейітова.

Оқу орнының оқытушысы Талапкер Уәлиевтің айтуынша, Қазақстан саяси трендтерден қалыс қалмауы үшін еліміздің әрбір азаматы келешегіміз үшін маңызды саяси процестерге бейжай қарамай, ұлттық, азаматтық сана-сезімдерін көрсетулері керек.

«Кез келген жетілген қоғам үшін Президент сайлауы айтулы іс-шара. Атап айтқанда, 21 ғасырда саяси сайлау үдерісінің маңызы еселенуде. Себебі, соңғы жаңалықтар, оқиғалардан байқағанымыз, сайлауға деген көзқарас өзгеруде. Сайлауға түсетін кандидаттар туралы болжамдар айтылып, жаңа саяси трендтер, ағымдар, идеологиялар пайда болуда. Әрине, «Сайлау ештеңе шешпейді, бәрі баяғыда шешілген, бәрі бұрынғыдай болады» деген пікірлер де айтылуы мүмкін. Бұл шын мәнінде сылтау сөздер. Қоршаған әлемді өзгерткісі келген адам өзгерістердің мүмкіндіктерін іздейді және соны іске асыруға талпынады. Сайлауға қатысу - әр азаматтың борышы. Бұл болашақты бағдарлайтын оқиға. Еліміздегі «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалық мақалалардың басты мақсаты - тек қана ағартушылық, ғылыми мақсат емес, сонымен қатар саяси, мәдени, идеологиялық міндеттері бар. Атап айтқанда, жас қазақстандық азаматтарды қалыптастыру. Осындай келелі үдерістерге қатысу арқылы жастардың ой-өрістері шыңдалып, саяси мәдениеті жетіле түседі. Сайлаудың маңызы тек жәшікке қағаз түсіре салу емес, оған аса жауапкершілікпен бару керек. Баршаңызды қоғам үшін, ел үшін сайлауға қатысуға шақырамын. Осылайша біз сапалы, жаңа қоғам құра аламыз», - деді ақпараттық топ мүшесі Талапкер Уәлиев.

Шара соңында университет ұжымы сайлауды қолдау туралы үндеу қабылдады.


 

 

 

 

 


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық