Президент сайлауы – 2019. Сайлау – тұрақты дамудың кепілі

20 Сәуір 2019, 10:13
2561
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Сайлау – тұрақты дамудың кепілі

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларының мамандары және Қазақстан халқы ассамблеясының облыстағы өкілдері кезектен тыс өтетін президенттік сайлаудың мән-маңызын талқылады.

Ауыл шаруашылық саласының қызметкерлері бас қосқан жиында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова ауыл шаруашылығы қай кезеңде болмасын экономиканың локомотиві болып қала беретіндігін айтты. Сондай-ақ, бұл саланы дамыту, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін тілге тиек етті.

«Сыр өңірі биылғы жылдың бірінші тоқсанының нәтижесі бойынша қарқынды дамып келе жатқан үздік аймақтардың бестігіне енді. Бұл бірліктің арқасы. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіру 1,3 пайызға өсті. Бұл – тыңға түрен салып, саладағы жаңа жобаларды жүзеге асырудағы қызылордалық аграрлардың еңбегі деп білемін», - деді Ақмарал Шәріпбайқызы.

Кездесуде ауыл шаруашылығы мамандары елдегі саяси науқанның мән-маңызын талдады. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне үн қосып, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайлы шешімді толық қолдады.

«Дүние жүзінің көптеген елінде экономикалық, саяси ахуал тұрақсыз. Мемлекеттер арасында алакөздік, дау-дамай да өршуде. Осындай түрлі оқиғалар болып жатқанда еліміздің ынтымағы берік, тірлігі түзу екенін көріп, келешекке сеніммен қарай түсесің. Бұл бағытымыздан жаңылмай, алға жылжи беруіміз керек. Ал Қазақстанның қазіргі жағдайында нақтылық қажет. Сондықтан, алдымен президентті сайлап алуымыз тиіс», - деді «Таң ЛТД» серіктестігінің директоры Имамзада Шағыртаев.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлері және «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы кезектен тыс президент сайлауына қолдау білдіру акциясын өткізді.

Облыстық медициналық орталықтың директоры Нұриддин Әмитовтің айтуынша, тарих үшін Елбасының 28 жылдық басшылығы қас-қағым сәт шығар, бірақ Ұлт Көшбасшысы осынау қысқа мерзімде елімізді әлемге танытып, жан-жақты дамуға кең жол ашты. Оның айқын дәлелінің бірі, дәрігерлер әлемнің қай мемлекетімен болса да тәжірибе алмасуына мүмкіндігі бар.

«Мәселен, біздің аймақта денсаулық сақтау саласы мамандарының білімін көтеру, біліктілігін арттыруға бөлінетін қаражат 1,8 есеге артты. Бұл соңғы екі жылдықтағы көрсеткіш. Облыс әкімінің гранты бойынша 47 резидент, 30 студент оқуда. Ал 399 жас маман өңірге келіп, оның 49 пайызы елді мекендердің тұрғындарына қызмет етуге жіберілді. дәрігерлердің орташа жалақысы 18 пайызға өсті. Сонымен қатар, мамандар әр бес жыл сайын білімін жетілдіруге міндетті десек, жоспар 2,4 есеге артығымен орындалды. Дәрігерлерді алыс-жақын шет елдерге жіберіп, кәсіби шеберлігін шыңдауға да назар аударылуда. Атап айтсақ, өткен жылы облыс қазынасы есебінен Корея елінде жеті дәрігер біліктілігін арттырды. Ал 22 дәрігер Татарстан астанасы Қазанға барып, тәжірибесін молайтып қайтты. Мұның барлығы халыққа сапалы қызмет көрсету үшін, денсаулығын жақсарту үшін жасалған жағдайлар деп түсінемін», - деді Н.Әмитов.

Шараның қорытындысында медицина мамандары кезектен тыс президент сайлауының өтуін қолдайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар, Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы активі «Сайлау – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйла Төрешованың айтуынша, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл сайлау өткізу туралы қабылдаған шешімі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саяси бағытының дұрыстығы мен тұрақтылығын білдіреді.

«Біз Қазақстанның тұрақты даму жағдайындағы билік сабақтастығының куәгеріміз. Осы жағдай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегінің жемісі деп білеміз. 9 маусымда Қазақстан халқы Елбасы бағдарламаларын ұтымды жүзеге асыру арқылы қол жеткізетін гүлденген болашақ пайдасына және елдегі тыныштық пен бейбітшілікке таңдау жасайды деп сенемін», - деді Ләйла Төрешова.

Жиында барысында қатысушылар пікірлерін ортаға салды. Елбасы, қазақстандық бірлік үлгісі, этносаралық келісім төңірегінде сөз қозғалды. Мезгілінен бұрын өткізілетін сайлау, мемлекеттің тарихи даму бағытының тұрақтылығы туралы нақты, әрі тұшымды ойлар айтылды.

Өзгелердің жаңалығы