Президент сайлауы – 2019: Сәдібек Түгел кандидат ретінде тіркелді

3 Мамыр 2019, 16:36
2571
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019: Сәдібек Түгел кандидат ретінде тіркелді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов 22 сәуірде «Ұлы дала қырандары»  Республикалық қоғамдық бірлестігі атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Сәдібек Түгелді тіркеді. 

«ҚР президенттігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгелдің келесідей тиісті құжаттары ОСК-ға ұсынылды: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысы хаттамасының үзіндісі; президенттікке кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы Сәдібек Түгелдің өтініші, өмірбаяндық деректері; сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат және кандидаттың мемлекеттік тілді меңгергенін анықтау негізінде Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылдың 26 сәуірдегі №18/249 қаулысымен президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің Конституцияға және «Сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігі белгіленіп, қол жинау парақтары берілді», - деп мәлімдеді ОСК мүшесі.

ОСК-ға кандидатты тіркеу үшін келесі құжаттар ұсынылған:

- Президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің кірістері мен мүлкі туралы декларация жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; 
- кандидатты тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды; 
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының азаматтардың президенттікке кандидат Түгелдің қолдап жиналған қолдарын тексерудің нәтижелері туралы хаттамалары. 

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес кандидат Сәдібек Түгелді қолдап барлық 15 өңірден 122 102 азаматтың қолы жиналды, оның ішінде рас деп танылғаны – 120 175. 2019 жылы 15 сәуірдегі №13/237 ОСК қаулысымен анықталған ҚР президенттігіне кандидатты қолдап жиналған рас қолдардың қажетті саны – 118 140-тан кем болмауы тиіс», - деді ОСК мүшесі. 

Мелдешов Сәдібек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін барлық тиісті құжаты ОСК-ға ұсынылғанын және қойылған талаптарға толығымен сәйкес екенін атап өтті. ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркеу үшін «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңының 59-бабы, 5-тармағында көзделген құжаттардың ұсынылғаны туралы ҚР ОСК хаттамасы негізінде ОСК қаулысымен Түгелді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлануына кандидат ретінде тіркеп, кандидатқа тиісті куәлік берілді. Кандидатқа «Халық жинақ банкіне» арнайы уақытша шот ашу үшін тіркелу туралы мәліметтер беріледі. Сондай-ақ, отырыста БАҚ-қа кандидат Түгелді тіркеу туралы ақпараттық хабарламаны жариялау белгіленді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 300 мың қол жинап, президенттікке кандидат ретінде тіркелді.

 

Өзгелердің жаңалығы