Президент сайлауы – 2019. Кезектен тыс сайлау өткізу ел тәжірибесінде бар

9 Сәуір 2019, 22:51
3012
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Кезектен тыс сайлау өткізу ел тәжірибесінде бар

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық белсенді жас, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 9 маусымда кезектен тыс ҚР Президент сайлауы өтетіндігі туралы айтқан үндеуіне қатысты ойын айтты.

Ақпараттық талдау орталығының сарапшысы, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражанның пікірінше, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу Қазақстанның тәжірибесінде бар.

«Елбасы отставкаға кеткеннен бері кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген әңгімелер ел арасында айтылып келген. Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін қарағаннан соң «бұл – Қазақстанда кең тараған практика, оған таңданатын ештеңе жоқ» деген ойға да қалдым. Бұған дейінгі соңғы президент сайлауы да кезектен тыс өткен болатын. Оның үстіне, көп созбай бір шешімге келгені де жөн болды. Сыбыс пен қауесет белең алып, елең-алаң кезең қоғамға кері әсерін тигізер еді. Сондықтан, Мемлекет басшысы жан-жақты ойластырылған кемел шешім қабылдады деуге негіз бар», – дейді әлеуметтанушы.

Нұрсұлтан Қаражанның айтуынша, осы жолғы сайлау алдыңғы сайлаулардан өзгерек болғалы тұр. Өйткені, жаңа есімдер, яғни тәуелсіздік кезеңде тәрбиеленген жаңа буындар пайда болып, үмкіткер атануы мүмкін.

«Мен үшін маңыздысы, кезектен тыс, яки мерзімінде өтсе де, әділ түрде өткені. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кепіл болатынын айтып отыр. Тек өркениетті қоғамның талаптарына лайық науқанды атқарып шығу, өз таңдауымызды жасау ғана қалды. «Кемедегенің жаны – бір» деген. Менің бұл сайлаудан күтерім, Тәуелсіз Қазақстан дейтін кемеге мінген елімізді әлемнің қатерлі толқындарынан сау-саламат сақтауға септігі мен еңбегі сіңетін парасатты президенттің сайлануы. Халықтың пейілі мен бағына орай ондай мемлекетшіл тұлға келеді деп үміттенемін», – дейді Нұрсұлтан Қаражан. 
Өзгелердің жаңалығы