Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. ҚР Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі
09 Сәуiр 2019, 21:12 1250

Президент сайлауы – 2019. ҚР Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

Кәсіподақтар федерациясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің кезектен тыс кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы мәселе талқыланды.

Мәжілістің отырысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының, салалық кәсіподақ бірлестіктерінің және ірі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Мәжіліске қатысушылар Мемлекет басшысының еліміздегі барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, жасампаз күштерді Қазақстан Республикасында барлық халықаралық нормалар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсету туралы мәлімдемесіне бірауыздан қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдау туралы ҮНДЕУ қабылдады.

"Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздегі саяси үрдістің тиімді құралы ретінде мемлекеттік билік тармақтарының бірлігі мен өзара үйлесімді байланысын, конституциялық заңдылықтың нығаюын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ететін тетік.

Еліміздегі саяси жүйенің даму барысы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, өсіп-өркендеуінің және нығаюының заңды үрдісі болып табылады. Осы орайда елімізде өткізілетін Президенттік сайлау - барша қазақстандықтардың азаматтық бостандығының ажырамас бөлігі, айқын дәлелі.

Біз Қазақстанның азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік дамуын және үйлесімді қоғамдық-саяси бағдарын жалғастыра беретіндігіне сенімдіміз.

Сонымен қатар, еңбеккерлердің құқығын қорғау, лайықты еңбек үшін тиімді шарттар қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің тиімді ынтымақтастығы саласына қатысты көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің маңызы зор екенін түсінеміз.

Бұл жауапты миссияны заң бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен тұрақтылық, айқындық және ашықтық жағдайында атқарған жөн.

Біз еліміздегі барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, жасампаз күштерді Қазақстан Республикасында барлық халықаралық нормалар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсетуге шақырамыз" - делінген федерация үндеуінде.

Загрузка...