Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. Елдің бәрі елеңдеп отыр – жазушы
09 Сәуiр 2019, 17:42 646

Президент сайлауы – 2019. Елдің бәрі елеңдеп отыр – жазушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы сайлау ерекше оқиға. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі оқиғалардың бірі деп айтар едім, деп пікір білдірді жазушы Жұмаш Кенебай.

Оның айтуынша, қазір елімізде нағыз сайлау өткізетін уақыт әрі оны халқымыз қажет етіп отыр.

"Жасыратыны жоқ, осы сайлауға халқымыз шөлдеп жүр еді. Керек еді бір сайлау. Халық өзі қалаған адамын өзі сайлайды. Халықтың мұңын білетін, жағдайын жақсартамын дейтін азамат президенттікке түсіп, содан жеңіп жатса, бәрімізге де абырой. Мәселен, бүгінгі үндеуден кейін еліміздегі қаламгерлердің жиналып, өздерінің саяси ойын білдіруі де абырой. Елдің бәрі елеңдеп отыр, біздің ақын, жазушылардың көзқарасын білгісі келеді. Сондықтан жазушылардың бас қосып, ойларын ортаға салуы мен үшін үлкен абырой", - дейді жазушы.

Сонымен қатар, ол алдағы өтетін сайлау әділ өтіп, ел көсегесі көгере түссе деген ойын жеткізді.

"Ертең дұрыс сайлау өтіп, ұлтымыздың мәртебесі аспандап, қазақтың тағдыры шешілген күнді көрсек, арман жоқ. Қазақ өз еңсесін өзі тіктеп, өз қолы өз ауызына жетіп, қазақ тілі шын мәнінде өз тұғырына қонса деген тілегіміз бар", - деді жазушы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Жазушылар басқарамасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып президент сайлауын өткізу дер кезінде қабылданған шешім екенін және оны жазушылар қолдайтынын айтып, пікір білдірген болатын.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық