Президент сайлауы – 2019. Ақ пен қараны ажырата білер әділ төре қажет

12 Сәуір 2019, 15:07
4458
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Ақ пен қараны ажырата білер әділ төре қажет

Орал, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 9 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай батысқазақстандық жас ғалымдар өз пікірлерін ортаға салды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Салауатты өмір салты орталығының директоры, «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев ішкі-сыртқы байланысты орнататын әділ төре қажет екенін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми бұқаралық ақпарат құралдарынан Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесін жариялады. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтетін болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесі дұрыс шешім екендігіне дау жоқ. Ел тұрақтылығы мен дамуын сақтап қалу үшін аз уақыт ішінде Президентімізді сайлап алу, бұл біздің бірінші мақсатымыз. Бізге еліміздің тұрлаулы дамуы үшін, ең бірінші көшімізді бастайтын басшы, ішкі-сыртқы байланысты орнататын, ақ пен қараны ажыратып, дау шешімін шешетін әділ төре қажет. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, сайлауға баршамыздың атсалысуымыз түптеп келгенде ел болашағы үшін маңызды», - деді Асхат Өкшебаев.

«Заман» жастар қоғамдық бірлестігі төрағасының сөзінше, «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, сайлау уақытында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ, жауымызға олжа, дұшпанымызға таба болатындығымызды ұмытпауымыз керек.

«Қаймана қазақтың қазіргі арман-мұраты біреу ғана. Ол жеті жарғы сынды заң жүйесін құрған әз-Тауке, үш жүздің басын қосқан Абылай хандардай ел басшысының болуы ғана. Сондықтан барша қоғамды, өзім еңбек ететін ұжым мүшелері мен студенттер қауымын алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырамын», - деп сөзін түйіндеді Асхат Өкшебаев.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті «Рухани жаңғыру орталығының» аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаровтың айтуынша, еліміз маңызды саяси кезеңге өтіп отыр.

«Кез келген мемлекеттің саяси жүйесінің эволюциясы заңды құбылыс. Билік ауысуының транзиттік кезеңі тұрақтылық пен қоғамдық келісім кезеңіне жалғасады деп үміттенеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімі – бүгінгі таңда маңызды әрі қажетті шара. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл саяси бастамасы еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін және мемлекетіміздің таңдап алған бағыт-бағдарын, даму жолын одан әрі қарай жалғастыру үшін жасалған нақты қадам деп ойлаймын», - деді Есқайрат Хайдаров.

Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің арқасында 30 жылға таяу уақыт ішінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыған, әлеуметтік әлеуеті артқан, демократиялық құндылықтарды қадірлейтін мемлекет ретінде өзін бүкіл әлемге әйгілі етті. Қазақ елінің болашақта да халықтар арасындағы ынтымақтастықты ту етіп, алға қойған стратегиялық бағыт-бағдарларды басшылыққа ала отырып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани жағынан дами берері ақиқат.

«Қазіргі болып отырған белгісіздік жағдай халықтың ой-пікіріне кейбір түсініксіздік пен бұлыңғырлық беріп отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамыту және сыртқы серіктестермен қатынастарды нығайту үшін сайлауды алға жылжыту қажеттілігін атап өтті. Сайлау саяси белгісіздік жағдайына тән жағымсыз үрдістерді жоққа шығарады. Кезектен тыс сайлау өткізу Қазақстанның дамуына, өсуіне және қазіргі уақыттағы республикамыздың саяси жағдайға бейімделуіне арналған бұл шешім – мемлекетіміз үшін қажетті және уақытылы», - деп атап өтті тарих ғылымдарының кандидаты.

Есқайрат Хайдаров жаһандық үдерістерге қатысу үшін елде ішкі тұрақтылық қажет екенін айтты.

«Еліміздің әрбір азаматы өз даусын беріп, республикамыздың қандай бағытта дамитынын анықтауға өз септігін тигізуі өте маңызды. Халық сайлаған Президент ел дамуының бағытын анықтап қана қоймай, елімізді халықаралық аренада таныстырады. Президент сөзінде «Сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» деп қадап айтты. Бұл қазақстандық барша сайлаушының өздері дауыс берген үміткердің сайлануына деген сенімін оятады. Ал үміткерлер бізде барлық тіркелген саяси партиядан ұсынылатыны белгілі. Сондықтан халқымыз сайлауға белсене қатысып, өздерінің қалаған адамына дауыс береді деп есептейміз. Әрбір азамат еліміздің болашағы үшін өз таңдауын жасауы тиіс», - деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті «Рухани жаңғыру орталығының» аға оқытушысы.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының магистрі Даниял Танзенов 2019 жылдың наурыз айының 19 күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз еркімен билікті тапсыру сәтіне ел куә болғанын айтты.

«Бұл дегеніміз – Қазақстан өзінің әлем елдерінің алдында демократиялық даму жолына түскен ел екендігін көрсетті. Демек, Қазақстан Республикасы Конституциясының ІІІ бөліміне сүйене жүзеге асырылды. Қазақстанның 2-ші Президенті ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та еліміздің келешегін айқындап, болашағының жарқын болуы үшін де арнайы еліміздің Конституциялық Кеңесі мен Парламенті палаталары төрағаларымен кеңесе отырып, мемлекетіміз үшін маңызды шешім қабылдады деп есептеуіміз керек», - деді Даниял Танзенов.

Оның айтуынша, бұл оқиғалар ХХІ ғасырда қадам басып келе жақтан Қазақстанның жаңа тарихында айшықты орын алады. Ең бастысы – бұл процестер бейбіт тұрғыда жүргізілді. Себебі, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың, халықаралық ұйымдардың мүшесі екенін ескеруіміз керек.

«Біздің елдегі саяси процестерді жақын және алыс шет елдер өздерінің назарларында ұстап отыр. Бұл орайда Мемлекет басшысы еліміздің ішкі, сыртқы, экономикалық, саяси жағдайлары жіті ескеріліп барып шешім қабылдады деп есептеймін», - деп пікір білдірді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру» институтының ғылыми қызметкері.

Өзгелердің жаңалығы