Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. Өсіп келе жатқан ұрпақтың қамын ойлайтын басшы сайлану керек
12 Сәуiр 2019, 17:43 1117

Президент сайлауы – 2019. Өсіп келе жатқан ұрпақтың қамын ойлайтын басшы сайлану керек

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. 9 маусымда өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесіндегілер де пікір білдірді.

Кеңес төрағасы Ғабиден Қайыржановтың айтуынша, алмағайып заманда Президентімізді тезірек сайлап, елдің болашағы үшін іргемізді бекітіп отыруымыз қажет. Қан майданды көзбен көрген ардагер «Қай жерде тыныштық болса, сол жерде береке, бірлік бар» дейді. Сондықтан ол сайлауды «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ұйымшылдықпен өткізуге шақырады.

«Өсіп келе жатқан ұрпақтың, қазақ халқының қамын ойлайтын, солардың ойынан шығатын, президентіміз сайлану керек деп ойлаймын. Көршілес елдерде қаншама жағдайлар болып жатыр, біздер Ауған соғысы ардагерлері соғысты, қиыншылықты, барды-жоқты көрдік. Бейбітшіліктің қадірін білеміз. Елімізде ең бастысы – тыныштық. Соғыс болған жерде балалық шақ болмайды, тыныштық болмайды. Осындай қиындықтарды көргендіктен, халықтың қамын, жарқын болашақты ойлайтын президент келеді деп ойлаймыз», - дейді Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғабиден Қайыржанов.

Президент сайлауына қатысты Қазақстан коммунистік халықтық партиясының Атырау облыстық филиалының басшылығы да үн қосты. Партия филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев бұл саяси науқанның елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ететіндігі сөзсіз екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол Қазақстан – әлемдік аренада өз орны бар, қалыптасқан зайырлы мемлекет екенін, сондықтан қазір дүние жүзінің назары бізде екендігін айтып, барлық заң талаптары сақтала отырып, өткізілетін сайлауды қолдайтынын жеткізді.

«Біздер Қазақстан коммунистік халықтық партиясы мүшелері президент сайлауы туралы жаңалықты қуанышпен қабылдадық. Қазір партия белсенділері арасында үлкен талқылау жұмыстары жүріп жатыр. Біз үшінші рет Президент сайлауына қатысудамыз. Елдің бірлігі үшін лайықты лауазым иесін сайлауымыз керек. Осы мақсатта өз жұмыстарымызды бастадық», - дейді Ерболат Дәулетқазиев.

Айта кетейік, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы президенттікке кандидатты 26 сәуірде жариялайды. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...