Бас жаңалықтар
Президент айқын мақсат қойды – Сайлаубай Әбішев
19 Маусым 2019, 20:45 371

Президент айқын мақсат қойды – Сайлаубай Әбішев

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметі мен мақсат-міндетіне қатысты ойын айтты. 

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде уәде берумен шектелмей нақты істермен дәлелдеп шығуға барлық деңгейдегі билік өкілдеріне он нақты тапсырма берді. 

«Қазақстан Республикасының кезектен тыс сайлау науқаны да аяқталды. Сайлауда жеті бірдей азаматы өз бақтарын сынап бақты. Президенттік сайлаудың марафонында іс басындағы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетіп, 12 маусымда елордамызда жаңа сайланған Президентті ұлықтау рәсімі де өтті. Халық сенімін ақтау жолында адал қызмет етуге, қай жерде болса да ұлттық мүддемізді қорғауға, еліміз халқының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға уәде берді. Тек уәде берумен шектелмей нақты істермен дәлелдеп шығуға барлық деңгейдегі билік өкілдеріне он нақты тапсырма берді. Бұл біздің әрқайсымызға үлкен сын», - деді ол. 

Сайлаубай Әбішев қандай жағдай болмасын әрдайым естен шығармайтын қасиетті құндылықтар барын айтады. Олар – Қазақстанның тәуелсіздігі, мемлекетіміздің территориясының тұтастығы, еліміздің бірлігі. 

«Сонымен қатар, барша қазақстандықтар тәуелсіздік жылдары Елбасының атқарған елдің тұрмысын түзейтін, еңсесін көтеретін ауқымды жұмыстарын аяқсыз қалдырмау, алдағы уақытта жаңа заманның шақыруларына жауап беру, елмен тиімді диалог орнату, адами құндылықтарды, руханиятты жаңғырту, дамыту және оларды халыққа ұсына білу сынды сүбелі істерді Қасым-Жомарт Кемелұлының басшылығымен жүзеге асыруға біркісідей атсалысуы тиіс. Сонда ғана өркениеттің өзі елімізге келеді», - дейді қоғам қайраткері. 

Оның пікірінше, кемшілікті тізбелей бергеннен гөрі оны жою мен болдырмау керек. 

«Бұл бағытта бірлескен шаралар қабылдап, ұйымдасқан жөн. Яғни, мемлекеттік қызметтің қай саласын басқармаңыз, қандай дәрежедегі қызмет орынтағында отырмаңыз, тиісті заң қалай талап етсе, сондай жауапкершілікпен жұмыс атқара білу керек. Қарапайым халық осыны әрбір саяси партиядан, оның ішінде «Нұр Отан» партиясынан ерекше талап етіп отырғаны шындық, көкейтесті мәселелердің шешімінің табылуына үлкен үміт артады», - деді С.Әбішев. 

Қоғам қайраткерінің айтуынша, бүгінде бір нәрсе анық болуы керек. 

«Демократиялық қоғамның негізі – әрбір қабылданған Заң актілерінің сөзсіз орындалуына қол жеткізу, ал оның түпкі мақсаты – тұрмысымызды жақсартуға негіз қалау, азаматтардың бостандығын, еркіндігін қамтамасыз ету қандай саяси ұйым, жеке азамат болмасын, қандай көзқараста болса да – мақсатымыз Қазақстан Республикасының Конституциясына сай қызмет ету. Бұл біздің әрқайсымыздың асқан жауапкершілікпен қарайтын перзенттік – туған жер, Отан алдындағы борышымыз», - деп атап өтті Сайлаубай Әбішев.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық