Бас жаңалықтар
Қолыма күрек ұстап жүріп, президент боламын деп ешқашан ойламадым – Назарбаев
13 Ақпан 2019, 18:57 2309

Қолыма күрек ұстап жүріп, президент боламын деп ешқашан ойламадым – Назарбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазмедиа орталығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарымен кездесуі өтті. Жиында Елбасы өз өмірі жайлы әңгімелеп берді.

«Сіздер менің өмірбаянымды білесіздер, мен сауаты жоқ шаруалардың ұлымын. Әкем де, анам да ешқашан мектепте оқыған емес. Және де, мен сияқты және менің ата-анам сияқтылар Қазақстанда көп. Соғыстан кейінгі уақытта жоқшылық болатын. Анам тамыз айының соңында мектепке бару үшін маған матадан көйлек тігіп беретін. Мектепке арналған сөмкелерді де матадан тігетін. Малып жазуға арналған сиясауытымыз болатын. Содан сөмкеміз әрдайым сия болып қалатын. Солай жүретінбіз. Ешқашан тойып тамақ жемейтінбіз. Мен оңтүстікте өскендіктен, жаздан бастап алма, қияр, қызанақ көмектесетін. Менің тойып тамақтанбауымнан денсаулығым жақсы болды деп ойлаймын. Құдай осынша өмір берді», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы бала кезінде 5-6 адам болып екі бөлмелі саман үйде тұрғанын айтты. Мектепті медальмен аяқтағаннан кейін ата-анасына көмектесу үшін металлург болып жұмысқа кіргенін де жеткізді. 

«Қолыма күрек ұстап, болат қорытушы болып жүріп, президент боламын деп ешқашан ойламадым. Бірақ, мен жұмысымды адал істеуге тырыстым. Мені бағалады, мені көтермеледі, мен 19 жасымда өндірісте үздік болдым, комбинат мені өз ақшасына Қарағанды политехникалық университетіне жіберді. 20 жасымда Хельсинкидегі Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің делегаты атандым. Осылайша, саясатқа кездейсоқ барып, президент болдым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтсек, бұл жолғы «100 жаңа есім» жобасында 29 адам жеңімпаз атанды. Олардың қатарында қоғам, спорт, білім, мәдениет, бизнес, ІТ, медицина, ғылым және БАҚ саласының мамандары бар.

Қымбат Елтайқызы

Сізден жаңалық