Президент балаларға экологиялық сананы сіңдіру қажет екенін айтты 

16 Тамыз 2019, 13:38
1780
Бөлісу:
Президент балаларға экологиялық сананы сіңдіру қажет екенін айтты  
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясында балалардың санасына экологиялық ұғымдарды сіңдіріп, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіру қажет екенін айтты.

«Тәрбие сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет», - деді Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясында. 

Ол отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс екенін айтты. 

«Кең ауқымда өтіп жатқан «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясының дәл осындай бағыттары өте қажетті дұрыс бастама деп санаймын. Мұндай шараларға әрқашан қолдау көрсете береміз. Балаларға экологиялық сананы сіңдіру, тұрмыстық тазалық, гигиена мәдениетін тарату, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсінуді үйрету қажет», - деп айтты мемлекет басшысы Солтүстік Еуропадағы осындай үрдісті мысалға ала отырып.

Еске сала кетейік, Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында мектеп бағдарламасынан алынып тасталған әліппе 2021 жылы қайта енгізілетінін айтты.
Өзгелердің жаңалығы