Бас жаңалықтар
Президент айтқан басым бағыттар қазіргі мәселелерді шешуге арналған – Роза Пак
19 Маусым 2019, 21:26 1252

Президент айтқан басым бағыттар қазіргі мәселелерді шешуге арналған – Роза Пак

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Президент айтқан 10 басым бағыттар бүгінгі мәселелерді шешуге бағытталған. Шымкент қаласы корей этномəдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак 12 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді.

"Әрбір қазақстандықтың жетістігі молайса, тұтас елдің мерейі үстем болып, табысы артады. Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде маңызды 10 бағытқа баса мән беретінін айтты. Бірінші кезекте халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу жəне халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мəселесін шешу, әділетті əлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдарын атап өтті. Ол айтқан бағыттардың әрқайсысы бүгін шешуді талап ететін мәселелердің жиынтығын құрайды. Соның ішінде, сыбайлас жемқорлықпен күресу, жою бағытын бөлек атағым келеді, өйткені, жемқорлық – кез келген мемлекеттік басты жауы. Әлемдегі ешбір мемлекет жемқорлықты түбегейлі жеңген емес. Біз әлемдегі жемқорлық жайлаған елдердің көш басында тұрмаса да бұл мәселе түбегейлі шешімді талап етеді. Жемқорлық – өте өзекті әрі тездетіп шешуді қажет етеді. Айтқым келетіні – әрбіріміздің еңбек етуге, жұмысқа деген қатынасымыз, әсіресе, шенеуніктердің жұмысы аз сөзді, көп істі болуы шарт. Олардың қызметіне бағаны халық өзі береді. Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлықтау рәсімінде айтқанынан маған қатты ұнағаны – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары болды. Расында да қазір көптеген жастар ауылдан жаппай кетіп жатыр. Тіпті, тұтас ауыл тұрғындары қалаға кетіп, сол ауылдар қаңырап қалуда. Өйткені, ауылда жұмыс жоқ, айналысатын тірлік жоқ. Әйткенмен, сол ауылдарда әкім, аудан әкімі, жергілікті атқарушы билік өкілдері қызмет етеді. «Бұл өңірлердің дамымай, артта қалуына не себеп, қандай мәселе бар» деген сауал туындайды", - дейді Роза Викторовна.

Төрайымның сөзінше, әкімдердің қолына қаржылай және әкімшілік мүмкіндіктерді беру керек. Осылайша өзін-өзі басқаруды дамыту қажет. Содан кейін барып талап ету керек.

"Егер де алып кете алмаса, игере алмаса, шаруаны дөңгелетпесе, онда оларды мемлекеттік қызмет саласына қайта жолатпау қажет. Әр әкімге 3-5 жыл жұмыс істеуіне мұрсат беріп, сосын халық алдында есеп беруі керек. Бүгінгі қарқынды даму жағдайында 3 жыл уақыт та жетеді. Есеп беруіне мұғалімдерді жинап әкелмей, барша халықты қатыстыру қажет. Сосын халық одан «мынаны істедің ба, мынаны неге істемедің, мына мәселе неге шешілмеді» деп сұрайды. Сонда әкім қайсысына қаржы болғанын, болмағанын, қай мәселені шешуге басымдық бергенін айтып, жауап береді. 9-10 маусым кезіндегі наразылықтарға қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлының: «бұл бізде өте өзекті әлеуметтік мәселелердің барын, соның барлығын шешу қажет екенін көрсетті» деген сенімді жауабы ұнады. Сөз басында айтқанымдай, әрбір қазақстандықтың табысқа кенелуі әрбірінің жетістігіне тәуелді. Әрбірінің жетістігінен тұтас елдің мерейі үстем болып, табысы артады", - дейді Роза Пак.

«Адам өзінің жан азабын сезінсе, онда ол – адам. Ал, басқаның жан азабын түсінсе – онда ол – нағыз адам», деген сөз барын айтқан төрайым жас буынды қалай тәрбиелеу керегіне де тоқталды.

"Елбасының тапсырмасымен, 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Бұл жастарға қатысты көптеген жобаның іске асуына жол ашады. Жастардың мүмкіндігі молаяды. Менің айтпағым – жас буында, яғни балалар мен жастарды тәрбиелегенде аға буынға арқа сүйеу қажет. Себебі, аға буын – ол тарих. Ал тарих іс-түссіз жоғалмайды. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тәлімгерлік институты жұмыс істеуі шарт. Тәлімгерлік институты дұрыс жұмыс істесе, жастар шалыс баспайды, жолынан жаңылмайды", - дейді Роза Пак.


Фото: автордан
Загрузка...