Бас жаңалықтар
Президент АӘК туралы: Мемлекет тек мұқтаждарға көмектесуі керек
PHOTO
20 Желтоқсан 2019, 15:11 3783

Президент АӘК туралы: Мемлекет тек мұқтаждарға көмектесуі керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек табысына қарамастан, бала санына қарай төлеу себебін түсіндірді. 

Көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК – бұдан былай) беру мәселесі өзекті болып отыр. Үкімет алдында ең алдымен мұқтаж отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға ашық және әділ түрде әлеуметтік көмек көрсету нақты міндеті тұр. Мемлекет тек мұқтаждарға көмектесуі керек. Осыған байланысты көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек төлеудің жаңа форматында қоғам мен Ұлттық кеңес мүшелерінің отбасы табысын есепке алмау туралы ұсынысы назарға алынды. Расында, жеке табысын есепке алу нормасы әкімшілендіруде қиын болып отыр, сондай-ақ ажырасу, жұмыстан жалған қуылу, мал сою секілді жағымсыз әлеуметтік салдарға әкеп соғады. Сыбайлас жемқорлыққа да әкеп соқтырып отыр, - деді мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің ІІ отырысында. 
image-20-12-19-01-02-1.jpeg

Президент халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік көмек пакетімен қамтамасыз ету ұсынысы қолдау тапқанын айта кетті. 

image-20-12-19-01-02-2.jpeg

Үкіметпен бірге үлкен жұмыс атқарылды. Жаңа әдістер әзірленіп, соған сәйкес Заң жобасы әзірленді. Осылайша, көпбалалы отбасылар табысына қарамастан бала санына қарай мемлекеттік қолдауға ие болады. Көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақыны ең төменгі АЕК-тен, яғни 42,5 мыңнан 74 мың теңгеге дейін сараланған көлемде белгілеуді ұсынамын, - деді Тоқаев. 
image-20-12-19-01-02-8.jpeg

 Ол АӘК-тің қолданыстағы тетіктеріне айтарлықтай түзетулер енгізілгенін айта кетті. 
Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, АӘК-ті асыра пайдалану барынша азаяды. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік патронаттық қолдауды күшейту керек деп санаймыз. Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет. Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бұл мәселені шешуге бизнес өкілдері мен мемлекеттік компаниялар тартылып отыр. Бұл тәжірибені басқа да өңірлерге тарату қажет, - деді Қазақстан президенті.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...