Бас жаңалықтар
Президент атап өткен дүниелердің барлығы маңызды – Тілеухан
02 Қыркүйек 2021, 08:47 217

Президент атап өткен дүниелердің барлығы маңызды – Тілеухан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан кешегі ел Президентінің халлыққа арнаған жолдауы туралы өз пікірін білдірді.

Дүниенің дидары өзгеріп тұр. Пандемия әлемді әбігерге салды. Бір біз емес, әлемнің басына түскен сын. Кешегі мамыражай күндердің қадірін түсіне бермеппіз. Бәлкім түсіндік, бірақ елемеппіз. Қалыпты оқу үрдісі, қалыпты жұмыс ретінің бұлайша қиюы кетеді деп кім ойлаған? Оқушымыз да, оқытушымыз да, жасымыз да, жасамысымыз да онлайнға телмірдік. Аз уақыттың ішінде құндылықтар алмасты, басымдықтар өзгерді. Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрған тұс қой бұл. Оңай болмай тұрғаны анық. Оңай болмасы да айқын. Мүйізі қарағайдай, аузымен құс тістеген ғаламның ғалым-академиктері “бәрі енді бұрынғыдай болмайды” деп баға беріп жатыр. Сондықтан болар, кешегі Президент Жолдауының преамбуласы “Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет” деп басталыпты. Пандемия жайын жай сөз етпедік. Кешегі Жолдау пандемиядан кейінгі кезең тақырыбына айрықша тоқталыпты. Басымдық беріліпті. Пандемиядан кейінгі пландарға. Экономикадағы, саясаттағы, қоғамдық ілкі істердегі. Тынымсыз ізденіп, алға ұмтылмаққа, – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы атап өткен дүниелердің барлығы маңызды.
Оқығаным тау-кен металлургиясы болған соң ба, Ұлттық геология қызметін құру бастамасы көңіліме жақты. Жер қойнауын пайдалану мәселесінде қордаланған мәселе көп. Бір шешімі осы орталықтандырылған мекеме қызметінің іске асуы болса керек. Ауылдағы ағайынның көп мәселесімен жіті таныспын. Әсіресе жайылымдық жердің сұрағы көп шаруаға қолбайлау екені жасырын емес. Жолдауда айтылған субсидиялау тәртібін барынша түсінікті ету ұсынысы да маңызды, – деді ол.

Ұлттық спорт қауымдастығының жетекшісі ретінде, дене шынықтыру тақырыбы тілге тиек болғаны қуантқанын және кешегі Олимпиададан кейін спорт пен дене шынықтыруға басқаша көзқарас қажет екенін айтты.
Тіл тақырыбын бір кісідей көтеріп жүрміз, көтере де береміз. Бірақ расында тіл саясаты өзгенің зықысына тимейтіндей, байыпты, бірақ нәтижелі, асықпай, бірақ жүйелі жүргізілуі тиіс екенін қос қолдап қолдаймын. Тіл күшпен емес, мейіріммен үйретілуі – бұлжымас қағида. Қаталдықпен іске асқан тіл саясаты тез нәтиже беруі мүмкін, бірақ оның теріс салдары да алапат болады. Қайсысы болмасын, өзге тілді білуден ұтылмаймыз. Бастысы – ана тіліңді меңгеріп барып, өрісіңді кеңейтсең болғаны. Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі Жолдаудағы ұлттың ұйысуы туралы айтқан ойы осы қағидаға тоқайласады. «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды». Жолдаудың түйін сөзі – осы. Осындайда, «басшы – біреу, ал халқы – тіреу» болып бере алсақ енді, – деді Бекболат Тілеухан.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...