Президент «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарын құттықтады
PHOTO
7 Желтоқсан 2021, 11:39 473

Президент «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарын құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада кәсіпкерлерге «Алтын сапа» марапаты табысталды. Жеңімпаздарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта құттықтады. 

Елімізде сапалы тауар өндіріп жүрген бизнес өкілдерін жыл сайын марапаттаймыз. Сондай-ақ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. «Алтын сапа» байқауын 15 жылдан бері тұрақты түрде өткізіп келеміз. 

Бүгінде 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері.  Биыл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазақстанда өндірілген өнімдер 131 елге экспортталады. Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Осы орайда байқауға қатысқан кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін, - деді Президент. 
Жеңімпаздарға сыйлықтарды Премьер-министр Асқар Мамин табыстады. 




Сыйлық «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» деген 4 аталым бойынша берілді. 

«ТNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Батырбек Уәлиев байқауға екінші рет қатысып, осы жолы бас жүлде иеленді. 


Ауыл шаруашылығымен айналысқанымызға 20 жылдан асты. «Алтын сапа» байқауына екінші мәрте қатысып отырмыз. 2016 жылы алғаш рет алтын алғанбыз, биыл Гран-при иеленіп отырмыз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында осындай марапат алып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Елбасына, Президентке,  Үкіметке алғысымды айтамын. Алға қойған мақсаттарымызға жетеміз. Өзіміз шығаратын өнімнің 70 пайызы шетелге кетіп жатыр. Жаңа ғана Президент айтқандай, халықаралық стандарттарға сай, бизнесімізге цифрландыруды енгізіп, жұмыс істейміз, - деді жеңімпаз. 
15 жыл ішінде конкурсты ұйымдастырушылар 2,5 мыңға жуық өтінім қабылдады, 140-тан аса кәсіпорын саласында үздік деп танылды. 2021 жылы 160 кәсіпорын байқауға қатысуға өтінім беріп, оқыту семинарынан өтті.

Марапаттау рәсімі барысында «Ұлы дала елі», «Іскер», «Іскерлік кемелдік» байқауларының марапаттары және «Парыз» сыйлығы табысталды.



Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...