Бас жаңалықтар
Президент әлеуметтік бастамаларымен халықтың қалауын дөп басты – Жанғали Жүзбай
13 Маусым 2019, 09:47 254

Президент әлеуметтік бастамаларымен халықтың қалауын дөп басты – Жанғали Жүзбай

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі еліміздегі ортақ мақсаттың, татулықтың, ауызбірліктің, болашаққа деген толық сенімнің көрінісі болды. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбайдың пікірі.

Оның пайымынша, президент ел дамуының жаңа белеске көтерілгенін, әлемдік деңгейдегі күрделі істердің бірсыпыра бағытын баян етті. Бұл бағыттардың бәрі қазіргі кезеңдегі өте зәру тақырыптарды – әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерді қамтиды.

«Осы шарада жаңа сайланған президентіміз халық алдында Ата заңға қолын қойып, Көкбайраққа тәу етіп, салтанатты ант қабылдады. Қазақстан мемлекетінің алға қойған мақсаттары мен жуық араларда орындалуға тиісті міндеттерін жария етті. Елбасы «Рухани жаңғыру құндылықтарын насихаттау» бағытын ұсынды. Бұл ұлтымыздың тілі мен діліне, дәстүрі мен салтына, мәдениеті мен өнеріне тың серпіліс әкелетін мемлекеттік жобалар кешені болады деп үміттенеміз. Президент тарапынан айтылған бағыттардың ішіндегі стратегиялық мазмұндысы – отандық ғылым-білімге деген сергек көзқарас, жаһандық бәсекеге ұмтылыс болмақ. Мектептен университетке дейінгі оқыту жүйесі жаңа форматқа көшері сөзсіз. Ендігі жерде ғылым мен білім саласындағы озық ойлы мамандардың да ғазиз басын қадірлейтін ізгі қоғам қалыптасады деп ойлаймыз», – дейді Жанғали Жүзбай.

Оның айтуынша, президенттің «Мұғалім мәртебесіне» қатысты байламы ел көкейінде жүрген мәселе.

«Мұғалім қызметі туралы әңгімелер үкімет тарапынан осыған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Алайда ұстаздың жүктемесіне, тұрмысына, хұқығына жасалуға тиісті жеңілдіктер іске аспады. Өркениетті ел болудың алғышарты – мұғалімге деген құрметті қалыптастыру екені ешкімге жасырын сыр емес. Бұл салада қордаланып қалған мәселелер көп, мұғалімді қоғамның қоры санаған кісәпір мінезден арылатын кез келді. Ұстаздық еңбекті заңды түрде бағалау, сол арқылы ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу жұмыстарын қайта түлету – заман талабы. Президент халықты лайықты жалақымен қамтуды да қадап айтты, мұның ұстаздарға да шапағаты тиеді деп сенеміз», - дейді Жанғали Жүзбай.

Президенттің тұрғын үймен қамту туралы бастамалары қалың бұқараның көптен күткен тілегі екенін айтады өнер қайраткері.

«Президент әлеуметтік бастамаларымен халықтың қалауын дөп басты. Бұл ғылым, білім, мәдениет пен өнер саласындағы азаматтардың да көпшілігінің көңіліне демеу болатын сөз болды деп ойлаймыз. Себебі осы салалардағы мамандардың көбінің арманы – баспана. Үкімет тарапынан қабылданған тұрғын-үй саясатындағы жұмыстарды қайта жандандыру керек. Себебі жалдап тұратын үйлердің, ипотекалық жеңілдікпен берілетін баспаналардың қолжетімді болуы әлі де түйіні шешілмеген мәселе. Елбасының ұлттық тұтастық, ұлыс бірлігі жайында айтылған пайымдарының да маңызы өте зор. Себебі қазақ халқы шаңырақ пен төрдің иесі. Жаңа Президентіміздің тілегін тәңір қолдасын! Ел алдында берген сертіне берік болып, халқымен бірге барша абыройға кенелуін тілейміз!», – деп ойын түйіндеді Жанғали Жүзбай.



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық