Премьер-министр жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

16 Қараша 2019, 03:25
2670
Бөлісу:
Премьер-министр жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Асқар Мамин жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды, деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі. 

Павлодар қаласында Үкімет басшысы еліміздегі бірден бір метил-трет-бутил эфир және полипропилен өндірісі – «Компания Нефтехим LTD» ЖШС-на, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ деректерді өңдеуге және сақтауға арналған серверлермен жабдықталған озық Деректерді өңдеу орталығына барды. Мұнда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазпошта», «Сәтті Жұлдыз» және «Google», «Wargaming», «Genesis Mining» халықаралық корпорациялары электронды деректерін орналастырып, жүйелеп, резервке қояды.

Премьер-министр Павлодар қаласындағы денсаулық сақтау және спорт нысандарының салыну барысымен танысты. Оның ішінде биыл 1 желтоқсанда пайдалануға беру көзделген 200 орындық облыстық онкологиялық диспансер мен тәулігіне 100 адамды қабылдауға арналған емхана, сондай-ақ мұз аренасын, футбол және жабық жеңіл атлетика манеждерін, олимпиадалық резервке дайындау орталығын қамтитын «Спорт-Сити» спорт қалашығы бар.

17d14b7f15dc318e.jpg

«Инвесторлар үйінде» Асқар Маминге Павлодар облысына инвестициялар тарту жұмыстары таныстырылды. Мұнда кез келген бизнесмен «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер мен консультациялар ала алады. Мұнда «Kazakh Invest», «Павлодар» АЭА» басқарушы компаниясының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» кеңселері бір алаңда жұмыс істейді.

Үкімет басшысына Екібастұз қаласының индустриялық аймағында қуаттылығы жылына 35 мың тоннаны құрайтын техникалық кремний өндіру зауытының салыну барысы туралы баяндалды. Сондай-ақ суару үшін аса ауқымды жабдықтар шығаратын зауыт құрылысының жобасы таныстырылды.

Ақсу қаласында Премьер-министр Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өңірдегі биылғы аса ірі жоба – «Еуразиялық энергетика корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясының реконструкцияланған №5 энергоблогымен танысты. Оны биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

f13dff8a46cd1eab.jpg

Асқар Мамин Павлодар облысындағы аса ірі және жүйе құраушы кәсіпорындардың бірі – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытын аралап, онда балқыту пештерінің реновациясы барысымен танысты. Бұл 2024 жылға қарай феррохром өндірісінің көлемін 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 87% арттыруға мүмкіндік береді. Бұл орайда электр энергиясын тұтыну 20% төмендейді.

180c1b14550e703e.jpg

Үкімет басшысы Ақсу қаласындағы тіршілікті қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын – салынып жатқан қалалық жылу қазандығы мен балалар эко-техно орталығын тексерді.

Жыл басынан бері Павлодар облысында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы кезеңнен 19 млрд теңгеге немесе 1,8 % артық. Республикалық өңдеу көлемінің 12 % жуығын қамтамасыз етіп отырған өңдеу секторының кәсіпорындары да тұрақты өсім көрсетті. Мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі 3,1%, металлургия өндірісі 2,1 %, химия өндірісі 8,9 %, машина жасау өндірісі 5,3% өсуде.

 

Өзгелердің жаңалығы