Премьер-министрдің орынбасарлығына кімдер келетіні белгілі болды

18 Қаңтар 2021, 17:38
1121
Бөлісу:
Премьер-министрдің орынбасарлығына кімдер келетіні белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің комитеттерінде Премьер-министрдің орынбасарлары лауазымына ұсынылған кандидатураларды келісу үшін кеңестер өтті.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес, Премьер-министр Кеңсесі Басшысының м.а. Ғалымжан Қойшыбаев Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті мүшелеріне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына Әлихан Асханұлы Смаиловтың кандидатурасын таныстырды.

 Ал Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасарлары қызметтеріне Роман Васильевич Склярдың және Ералы Ұлықпанұлы Тоғжановтың кандидатуралары Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелеріне таныстырылды.

Мәжілісте алдыңғы шақырылымдағыдай, кандидаттар депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, Мемлекет басшысының Парламенттің VII шақырылымдағы I сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асырудағы басымдықтары, сондай-ақ жетекшілік ететін бағыты бойынша жұмысты одан әрі ұйымдастыруы туралы айтылды.

Отырыс барысында Әлихан Смаиловқа салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге және салықтар мен төлемдер түрлерінің санын азайтуға, бюджеттің мұнайлық емес тапшылығының мөлшерін азайтуға және басқа да жаңа салық саясатына қатысты сұрақтар қойылды. 

Ал Роман Склярға депутаттар тарапынан көліктің барлық түрлерімен транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайту, экономиканың басым салаларында ірі стратегиялық инвестициялық жобалардың пулын қалыптастыру, сонымен қатар отандық тауарлар өндірісін арттыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен жүктеуді қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторларында полиэтилен және полипропилен өндіру бойынша, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру және т.б. мәселелер көтерілді. 

Ералы Тоғжановқа депутаттар тарапынан тиімді әлеуметтік саясат құру, оның ішінде ауылдық жерлерде медициналық және педагогикалық кадрлардың тапшылығы, мектептер салу және жұмыс орындарын құру сияқты әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелерга қатысты сұрақтар қойылды. 

Отырыс соңында Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындау туралы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің тиісті қорытындысы қабылданды. Сонымен қатар Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қорытындысы бойынша Роман Васильевич Склярдың кандидатурасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымына, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Ералы Ұлықпанұлы Тоғжановтың кандидатурасын Премьер-министрдің орынбасары қызметіне ұсыну мүмкіндігі туралы комитеттің қорытындысы қабылданды, - делінген хабарламада.
Өзгелердің жаңалығы