Праймериз жергілікті биліктің өзгеруіне серпін береді – саясаттанушы

15 Қыркүйек 2020, 13:30
1818
Бөлісу:
Праймериз жергілікті биліктің өзгеруіне серпін береді – саясаттанушы
EX
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Праймериздің қаншалықты ашық әрі әділ өтуіне байланысты оның алдағы тағдыры шешіледі. Осы орайда саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен әңгіме өрбіткен едік. Ол саяси доданың артықшылығы мен ерекшелігі, пайдасы мен үлесі туралы айтып берді.

Қазақстанда «праймериз» деген жаңа ұғым пайда болды. Праймериз – әлемдік тәжірибеде қолданылатын сайлауалды науқан бағыттарының бірі. Праймериздің басты мақсаты - үміткерлердің халық алдына шығып, өзінің белгілі бір ұстанымын дәлелдеп, халыққа жеткізу. Қазақстанда праймериз жаңашылдығын Nur Otan партиясы енгізіп отыр. Бұл - тек партияішілік іріктеу. Бүгінгі жағдайға қарайтын болсақ, халық тарапынан билік партиясына деген сенім мен қолдау әлсіреді. Оны партия басшылығы ішкі құрам сапасының төмендігімен байланыстырады,- деді ол.

Саясаттанушы атап өткендей, праймериздің басты міндеті – партияішілік іріктеуді өткізу арқылы құрамдағы мүшелердің сапасын арттыру.

Яғни, белсенді, халық алдына шығып сөйлей алатын, сөзі мен ойын жеткізе алатын азаматтарды партия құрамына тарту басымдыққа алынады. Осы мақсатта праймеризді өткізу шешімі қабылданып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында да айтты. Сайлауалды науқанда, алда келе жатқан сайлауда да жастар мен әйелдердің үлесін арттыру бойынша квота енгізу көзделіп отыр. Бұл тек праймеризде емес, жалпы сайлауда жастарға 20 пайыз, әйелдерге 30 пайыз квота беріледі. Қандай нәтиже болмасын, жалпы құрамның 30 пайызы әйелдер, 20 пайызы жастар болуы керек. Бұл жердегі нақты мақсат - саяси үрдістерге белсенді жастардың араласуына ынталандыру. Сондай-ақ саяси процестерге әйелдердің теңқұқылы қатысуына мүмкіндік беру үшін осындай жаңашылдықтар енгізіліп отыр. Праймериздің нәтижесі бойынша алда өтетін мәслихат, Мәжілістегі сайлауларында депутат санының құрамында осы квота ескеріледі, - деді ол.

Майгелдиновтың айтуынша, азаматтық ұстанымын көрсеткісі келетін кез келген адам праймеризге қатыса алады.

Партия мүшесі болуың міндет, әрине. Себебі бұл - республикалық емес, партияішілік іріктеу. Бүгінде қоғам қайраткерлері мен белсенділері медицина, мәдениет салаларында түйткілді мәселелерді шешіп жүр. Осындай адамдарға праймериз арнайы алаң беріп отыр. Олар өз ойларын ашық жеткізе алады. Бірақ праймериз нақты сайлау емес, ол жай ғана іріктеу. Жеңіске жеткен адамдар депутат болып кетеді деп ойламау керек, - деді ол.

Саясаттанушы айтқандай, праймеризді Nur Otan партиясы өткізіп отыр. Алайда оны кез келген өзге партия да өткізе алатын еді.

Ресейде бұл саяси норма 5-6 жыл бұрын басталды. Бұл норманы барлық демократиялық ел тікелей пайдаланады. Бастама қажеттілігі мен сапалығын көрсетсе, оны өзге сайлауда да пайдалану керек. Себебі батыстағы сайлауалды науқан шоу ретінде өтеді. Халықтың қызығушылығын оятады. Мемлекет басшысы да бұл мәселені көтерген болатын. Бізде қазір қоғам мен билік арасында диалог жоқ десе де болады. Әсіресе, жергілікті жерде депутат, әкімдіктер мен жергілікті атқарушы орган болсын, қандай да бір мәселе туған кезде халық алдына шығып, істің мән-жайын түсіндірмейді. Халықтың ызасын келтіреді. Нәтижесінде, халық митингке шығуға мәжбүр болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін халық халық қалаулыларын өздері тануы керек. Халық қалаулысының қаншалықты білімді, ұстанымына берік екенін көрсететін дебат болмақ. Жалпы сайлауалды науқанына көшетін болсақ, халықтың ызасын келтірмейтіндей, «депутат деген кім?», «неге депутаттар үндемейді?» деген сұрақтарға бірден жауап беруі керек. Праймериз оған тамаша мүмкіндік, - деді Майгелдинов.

Саясаттанушы алдағы сайлауалды науқанда осындай тетіктер енгізілсе, саяси үрдіске деген халықтың қызығушылығы артатынын айтты.

Сол кезде халық «халық қалаулысын» біз білеміз. Оның қаншалықты білікті, өз ұстанымына берік азамат екенін көрдік» деп айтатын еді. Ол депутатқа деген сенім мен адалдық та пайда болатын еді. Праймериз Қазақстандағы саяси реформаларға жаңа тыныс береді, - дейді ол.

Майгелдиновтың айтуынша, іріктеуге қатысушыларға негізгі жұмысы кедергі келтірмеуі үшін еңбек демалысын алған абзал болады.

Себебі мемлекеттік қызметкердің этикасы бар, заң бойынша бекітілген нақты ережелері бар. Ол праймеризге қатысқанда тең мүмкіндік қағидасын бұзбауы керек. Ол барлық азаматпен бірдей ереже бойынша қатысуы керек. Сол үшін де еңбек демалысын алған дұрыс деп ойлаймын, - деді Қазбек Майгелдинов.

Саясаттанушы жақында Солтүстік Қазақстан облысына тәуелсіз бақылаушы ретінде сапарлап барғанын айтты.

СҚО-ның бірнеше ауданына сапарладым. Праймеризге қатысушылармен кездесулер өткіздік. Халықты оларды еститін, қауқары бар мемлекеттік қызметкердің жоқтығы мазалайды. Мемлекет басшысының «еститін мемлекет» қағидасына үлкен сұраныс бар екенін көруге болады. СҚО-ның облыстық мәслихатында 35 жасқа дейінгі бірде-бір азамат жоқ. Әйелдер саны да өте төмен. Мемлекет басшысы өзінің екінші Жолдауында жергілікті атқарушы билікке дамудың жаңа стратегиясы қажет екенін айтты. Ауыл әкімдерінің тікелей сайланатынын да жеткізді. Себебі сырттан әкім сайлау бір бөлек, сол жерде тұрған, еңбек еткен тұлғаның әкім болуы бір бөлек. Бұл жергілікті халық үшін оңтайлы шешім болар еді. Мәслихат пен Мәжілістің сайлауын алда да көре жатармыз. Бірақ аймақтарда өзгеріс болатыны анық, - дейді ол.

Майгелдинов еліміздің бірқатар өңірінде кикілжің мен қақтығыстар болуының себебін айтты.

Оған басты себеп – жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті депутаттардың халық алдына шықпауы. Сол жерде шешілетін мәселе еді. Бұл мәселе республикалық деңгейге шығып, Президенттің әсер етуіне алып келді. Осындай өзекті мәселелерді шешу үшін жаңашылдықтар енгізіліп отыр. Праймериз орталық биліктен гөрі, аймақтағы жергілікті биліктің өзгеруіне, жаңа бағытта дамуына әсер етеді деп ойлаймын, - деді ол.

Саясаттанушы атап өткендей, праймеризді халық жақсы қабылдады. Оған қатысушылардың арасында жастар басым.

Ендігі нәтиже праймериздің қаншалықты әділ, ашық өтуіне қатысты болады. Халық арасында скептиктер де көп. Праймериз ешқандай жаңашылдық әкелмей, сол баяғы байланыспен әкімдердің адамы өтіп кететін болса, ол өміршең бола алмайды. Праймериздің ашық өтуіне партия, жергілікті билікте отырған тұлғалар да мүдделі болуы керек. Жаңа форматта ойлайтын адамдар келуі үшін жас азаматтарға мүмкіндік беру керек. Олардың мүмкіндігі болмай кетті. Билікке қалталы, байланысы бар азаматтар келеді деген таптаурын дамуды баяулатты. Партия жариялаған праймеризге лайықты тұлғалар өтетін болса, белсенді жас азаматтар өтетін болса, аймақ үшін, мемлекет үшін дамуға серпін берер еді, - дейді ол.

Майгелдинов праймеризге қатысу үшін Nur Otan партиясына тіркелу партияны қолдау емес екенін айтты.

Партия халықтық партия болуға қадам жасап, ниеттеніп отыр.

Саяси додаға қатысу арқылы үміткерлер өзінің мүмкіндігін, қауқарын сынай алады. 11 мыңға жуық адамға мүмкіндік берілді. Бұл халық арасында ақшасы мен байланысы бар адамдардың ғана белгілі бір жетістікке жететіні туралы таптаурынды бұзатын жол. Қыруар қаражат та қажет емес, бағдарламаңды ұсынып, өзіңнің мүмкіндігіңді сынап көруге болады. Митингтен гөрі саяси алаңда көзқарасың мен ұстанымыңды айт. Осыған мүмкіндік беріліп отыр. Халық саяси үрдістерге қатысуға, елдің өркендеуіне үлес қосуға мүдделі. Осыған дейін ол ниетті іске асыруға қандай да бір мүмкіндік берілмеді. Праймеризге қатысудағы басты мақсат жеңу емес, өз-өзіңді сынау керегін түсіну керек. Жеңілген күннің өзінде сен тәжірибе аласың, - деді ол.

Саясаттанушы праймериз адам мүмкіндігін сынауға таптырмайтын алаң екенін айтты.

Саясаттанушы ретінде қазіргі таңдағы саяси үрдістердің жүзеге асырылуының ішкі «ас үйін» білемін. Сараптама да жасадық. Бұл - мен үшін үлкен тәжірибе. Кез келген азамат өзінің пікірін білдіруге құқылы деп ойлаймын. Сондықтан азамат ретінде қаламыз бен еліміздің өркендеуіне үлес қосу үшін қатысып жатырмын. Өзімнің әлеуетімді сынап көргім келеді. Бұл саяси мансаптық жолдағы маңызды қадам деп ойлаймын, - деп түйіндеді Қазбек Майгелдинов.

Өзгелердің жаңалығы