Бас жаңалықтар
«Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткендерге талдау жүргізілді
25 Қыркүйек 2020, 21:00 146

«Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткендерге талдау жүргізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының Орталық аппараты Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мүшелерді қабылдау кезінде болған олқылықтарды анықтады. Бұл туралы Партиялық бақылау комитетінің отырысы барысында белгілі болды.

Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партияішілік сайлауда ашық, анық және әділ дауыс беруді қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында Nur Otan Орталық аппараты партияның жаңадан қабылданған мүшелері мен «Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркеуден өткендерге талдау жүргізеді.

Осылайша, кезекті тексеру барысында елордада «Азия Орталық Снаб» ЖШС бастауыш партия ұйымы қабылдаған 2466 жаңа партия мүшесінің есептік мәліметтері расталмады. Осы орайда, 11 қыркүйектен 4 қазанға дейін партияға қабылдаудың тоқтатылуына қарамастан, 12-17 қыркүйек аралығында мұның ары қарай да жүзеге асырылғаны анықталды.

Бұл өрескел тәртіп бұзушылықтар. Бізге партияда жеке «қажетті» кандидаттар үшін дауыс беруді ұйымдастыруға арналған өздерінің бір сәттік мәселелерін шешетіндер, жәй ғана қара көбейтетіндер қажет емес. Сондықтан дауыс беру кезінде ықтимал бұрмалауларды болдырмау үшін праймериз кезеңінде партияға қабылдау тоқтатылды. Осы фактілерді ескере отырып, партияның астаналық филиалы «Азия Центр Снаб» ЖШС БПҰ-дағы барлық партия мүшелерінің деректерін салыстырып, тексеруі тиіс, – деп мәлімдеді Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Партиялық бақылау комитетінің тексеруі барысында партия мүшелерін бір телефон нөмірімен тіркеу деректері анықталды.

Мысалы, Ақмола облысының Бурабай ауданында «Білім Бурабай» және «Бірлік Бурабай» БПҰ-да партияның 105 мүшесінің бір телефон нөмірі бар. Ал Қарағанды облысының Балқаш қаласында «Ардагер», «Гүлдер», «Балқаш станциясы» және «Шипагер» БПҰ-да бір телефон нөмірінің иесі 279 адам болды.

Отырыс қорытындысы бойынша аймақтық және аумақтық партиялық бақылау комиссияларына барлық айқындалған фактілерді анықтап, кінәлілерді жазалау тапсырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймеризде онлайн-дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы растау (верификация) жүйесі (интернет-банкинг үлгісі бойынша жеке тұлғаны анықтау) қолданылатынын айтқан болатын.

Жүйе қағидаты: «Бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-мекен жай». Яғни, ешкім екі рет кіре алмайды және тиісінше, басқа адамға дауыс бере алмайды. Мұның бәрі әр түрлі бұрмалаушылықтарды, айла-шарғыны, сондай-ақ, жаппай дауыс беруге мәжбүрлеуді болдырмау үшін істеліп отыр.





Фото: ашық дереккөз
Загрузка...