Мүгедектер пойыз билетін онлайн сатып ала алады

29 Маусым 2020, 21:44
3687
Бөлісу:
Мүгедектер пойыз билетін онлайн сатып ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық тасымалдаушы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған темір жол билеттерін онлайн сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа қызметті іске қосты.

"Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы жолаушыларға сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылғы 26 маусымнан бастап "BILET.RAILWAYS.KZ" сайты арқылы барлық топтағы мүгедектерге арнап әлеуметтік маңызы бар пойыздарға жеңілдікпен жол жүру құжатын онлайн ресімдеу қызметін іске қосты.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.04.2015 ж. № 545 бұйрығымен бекітілген "Жолаушылар, багаж, жүкбагаж бен почта жөнелтілімдерін тасымалдау" ережесінің 17-тармағына сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастарға жол жүретін барлық топтағы мүгедектерге, сондай-ақ мүгедек балаларға жол жүру құжаты құнынан 50% мөлшерінде жеңілдік көзделген.

Жол жүру құжатын жеңілдікпен онлайн ресімдеу үшін жолаушы тіркеуден өтіп, "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының билет кассасынан "Мейірім" электронды дисконт картасын  алуы және картаны іске қосу үшін тиісті символдарды теруі қажет.

Жолаушы клиенттер базасына тіркелген соң, үйден шықпай-ақ билетті онлайн түрде сатып ала алады.

Пойызға отыру және жол жүру кезінде жолаушыда өзімен бірге жеке басын куәландыратын және мүгедектігін растайтын құжаттарының түпнұсқалары болуы тиіс.

"Мейірім" электронды дисконт картасына қатыстыанықтама ақпарат.

- Электронды картаны қайдан алуға болады?

"Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының билет кассасынан.

- Электронды картаны қалай алуға болады?

Ол үшін жолаушы жеке басын куәландыратын және мүгедектігін растайтын құжаттарының түпнұсқасын көрсетіп, өзі туралы мәліметтерді өңдеуге жазбаша келісім беріп, байланыс деректерін көрсетуі тиіс. Кассир сіздің деректеріңізді клиенттер базасына енгізіп, электронды картаны ресімдейді.

- Электронды картаны қашан пайдалануға болады?

Билет кассасында тіркелгеннен кейін, сол сәтте. Жеңілдігі бар билетті «bilet.railways.kz.» сайтынан ресімдеуге болады.

- Картаның жарамдылық мерзімі?

Электронды карта іске қосылған сәттен бастап бір жыл бойы күшінде болады. Бұл ретте, картаның жарамдылық мерзімін одан әрі ұзарту өтінімсіз жүзеге асырылатын болады.

- Осы электронды картаның көмегімен т/ж билеттерін басқа бір адамға ресімдеуге бола ма?

Жоқ. Бұл функция алынып тасталды, себебі билет тек жолаушы тіркелген деректер бойынша ғана ресімделеді. Билетті тек картаның иесі өзіне ғана сатып алуы керек.

- Билетті басқа сайттар мен кассалардан электронды картаның көмегімен ресімдеуге бола ма?

Осы электронды картаны тек "BILET.RAILWAYS.KZ." сайтында ғана пайдалануға болады

- Электронды картаны кім қолдана алады?

Электронды карта Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар азаматтарына, сондай-ақ мүгедек балаларға беріледі.

- Электронды картаны Қазақстаннан тыс жерлерде қолдануға бола ма?

Электронды карта Қазақстан аумағындағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жеңілдікпен билет сатып алуға ғана құқық береді.

- Электронды картаны ресімдеу қанша тұрады?

Картаның құны – "Дисконт карталарды нөл құны бойынша ресімдеу" деген техникалық міндетті іске асырғанға дейін – 1 теңге. 

- Карта бұғатталса немесе жарамсыз болса не істеу керек?

Бұл жағдайда оны бұғаттан шығару үшін "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының билет кассасына қайта жүгіну қажет.

- Мүгедектік тобынан шығарылғанда, электронды картаны пайдалануға бола ма?

Электронды карта клиентке мүгедектігін растайтын құжаттары болған жағдайда ғана беріледі.  Жолаушы көрсеткен барлық деректер салыстырып тексеру үшін уәкілетті органға жіберілетін болады. Деректер расталмаған жағдайда, клиенттің парақшасы бұғатталады.

Өзгелердің жаңалығы