Польшада "Абай" орталығы ашылады

1 Ақпан 2019, 21:24
3267
Бөлісу:
Польшада "Абай" орталығы ашылады

Өскемен, BAQ.KZ. Елбасы жариялаған Жастар жылында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен С. Аманжолов атындағы ШҚМУ Еуропалық одақ елінде «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашады.

Жастар жылы, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ еуропалық жастарды Қазақстан мәдениетімен таныстыру және оны әлем бойынша насихаттау үшін Польшада «Абай» жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашады.

Салтанатты ашылудың өтетін орны мен күні: Польша, Свеча қ., Лингвистикалық-техникалық университет, 7-8 ақпан.

Жаңа бірегей орталықтың мақсаты Польша студент жастарының қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлы ақын, ағартушы Абайдың шығармашылығы туралы білімдерін кеңейту және насихаттау, сонымен қатар шетелдегі отандастарды қолдау, екіжақты білім беру-мәдени байланыстарды өркендету, екі ел ЖОО-лары арасындағы академиялық ұшқырлықты және қосдипломды білім беруді дамыту болып табылады.

Орталық мәдени, білім беру бағдарламаларымен және халықаралық ғылыми жобалармен алмасуға арналған диалог алаңына айналмақ.

Салтанатты іс-шара бағдарламасында: «Абай» орталығының ашылуы; ұлы қазақ ақыны, тек ұлттық қана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі әдебиет өкілі, қазақ әдебиетінің классигі және негізін қалаушысы, философ, ойшыл, Шығыс Қазақстанның тумасы Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың шығармашылығын таныстыру; С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғылыми-білім беру қызметін таныстыру; ынтымақтастық және екіжақты мәдени байланыстарды, жастар саясатын дамыту жөніндегі меморандумға қол қою; Польшада оқып жатқан ШҚМУ жастарының мәдени бағдарламасы; ректор Элзбиета Стерналға «Абай» алтын медалін табыс ету.

Осы жылы Лингвистикалық-техникалық университеттің (Польша) делегациясы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Коперник орталығын ашады деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы